Өрттен 15 адамды құтқарған Шыңғыс Қайыржанов оқушы кезінде де ерлік жасаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы өртенген жатақаханадан 15 адамды құтқарып қалған Ұлттық ұланның взвод капитаны Шыңғыс Қайыржанов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шарасында Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлім командирі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2 мамыр күні болған өртте жауынгерге тән жауаптылық танытқан Шыңғыс Қайыржанов оқушы кезінде де осыған ұқсас ерлік жасаған екен.

«10-сыныпта жүргенімде өрт шыққан үйде ұйықтап жатқан адамдарды құтқарған болатынмын. Әлі есімде, үйдің терезесінен будақтап түтін шығып жатты. Жұрттың бәрі қалың ұйқыда жатқан кез болатын. Бірден өртеніп жатқан үйдің адамдарын ояттым. Бұл жолғы әрекетімді ерлік жасадым деп айтпас едім. Біздің орнымызда кез келген адам осылай істеуші еді. Біреуге қауіп төнгенін көре тұрып, көмекке ұмтылмау мүмкін емес» - дейді Шыңғыс.

Өзінің айтуынша, Шыңғыс Қайыржанов әскерилер әулетінен шыққан.

«Әкем -зейнеттегі майор. Туған әпкем де майор. Ал жұбайым бүгін аға-лейтенант шенін алды. Әкенің жолы жалғап осы салаға келгеніме 14 жыл болды» - дейді взвод капитаны.

Ол, сондай-ақ, 2 мамыр күнгі жатақхана өрті кезінде қасындағы екі сарбазға ыс тигенін айтты.

«Екі сарбазға ыс тиген. Абырой болғанда, айтарлықтай зардап шеккен жоқ. Екеуі де жылдам қатарға қосылды. Оқиғаның ертеңінде ауруханаға барып, өзіміз құтқарған тұрғындардың халін сұрап қайттық. Олар да оңалып келеді» - дейді Шыңғыс Қайыржанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін елордадағы жатақхана өрті кезінде жүкті әйел мен балалар 4-қабаттан секіргені туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар