Ортсайлауком төрағасы павлодарлықтармен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комитетінің басшысы Нұрлан Әбдіров 17-18 сәуір күндері жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылындағы №189 сайлау учаскесінде болып, ауылдық округ әкімінің сайлану барысымен және учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Тұрғындардың ауыл әкімін сайлауға қатысты пікірлерін білді.

Ал, «Қоғамдық келісім» ғимаратында Нұрлан Әбдіровтің саяси партиялар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір жетекшілерімен, блогерлермен, Павлодар облысының сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесуі өтті. Сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесін жетілдіру мәселелері төңірегінде белсенді түрде пікір алмасты. Жұртшылық өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің саяси партиялардан міндетті түрде шығуы туралы айтқан бастамасын қолдады.

ЖСДП филиалының төрайымы Ажар Сағандықова алдағы уақытта саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 5-тен 3%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай шара партиялардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыруға және олардың заң шығарушы биліктің жоғары органындағы өкілдігін көбейтуге ықпал етпек.

«Қазақ зағип жандар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері егер жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларымен бірлесіп учаскелерге нақты қол жетімділікті және дауыс беру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етсе, онда мүгедектігі бар сайлаушылар үйде емес, учаскелерде тікелей дауыс беруге белсенді қатысатын болады, себебі олардың сайлау учаскелеріне бара отырып дауыс бергендері маңызды деген ойларын алға тартты.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының өкілі Фуат Сатыбаев барлық сайлау учаскелерін бейнебақылау құралдарымен жабдықтап, оларды интернет желісі арқылы тарату мүмкіндігін қолға алуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл азаматтардың сайлау институтына деген сенімін арттырады.

Электрондық дауыс беруді енгізу мәселелері де қозғалды. Қатысушылардың барлығы дерлік қағаз бюллетеньдерін қолдана отырып, дәстүрлі дауыс беруді өткізуді қолдады. Ал, кейбір қатысушылар сайлау учаскелеріндегі стационарлық құрылғыларды пайдалана отырып, электрондық дауыс беруді енгізуді ұсынды. Олардың пікірінше, азаматтар сайлау учаскелеріне бара отырып дауыс берулері қажет.

Нұрлан Әбдіров жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерімен де кездесті. Жастар ҮЕҰ басшысы Ризат Рахымжанов 2019 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы ұйымдастырған «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» халықаралық олимпиадасына қатысу тәжірибесімен бөлісіп, елімізде осындай іс-шаралар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, ол орта және жоғары оқу орындарында электораттық оқыту бойынша факультативтік курстарды енгізу қажеттігі туралы мәселені көтерді. Бұл ретте, оның пікірінше, оқыту курстары интерактивті форматта өтуі тиіс.

Облыстық мәслихат депутаты Серік Жартыбеков пропорционалды сайлау жүйесі бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде партиялар ашық тізім қолдануы тиіс деген ойын ортаға салды. Оның пікірінше, бұл сайлаушылардың тек партияға ғана емес, депутаттық корпусқа ұсынылатын нақты кандидаттардың кімдер екенін біле отырып, яғни нақты адамға дауыс беруге мүмкіндік бермек.

«Жасыл Ел» экологиялық ұйымының өкілі Русана Самабекова жастар арасынан Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін сайлау жарнасының мөлшерін азайтуды ұсынды. Бұл жастарды бәсең сайлау құқығын пайдалануға ынталандыра түседі деп атады.

Кездесуге қатысушылар сайлау комиссияларына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды ұсынды. Олардың пікірінше, осындай ақпараттық ресурстардың арқасында жастардың сайлау процестеріне деген қызығушылығын арттыруға болады.

«AMANAT» партиясының өкілі Данияр Айтышев сайлау процесінің өзекті мәселелерін, оның ішінде жастарды құқықтық ағарту және олардың электораттық белсенділігін арттыру мәселелерін талқылау үшін Ортсайлауком жанынан Жастар алаңын құру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс көтерді.

Қатысушылар жастарды сайлау процесіне еріктілер мен байқаушылар ретінде ғана емес, сайлау комиссияларының құрамына да тарту қажеттігін атады.

Кездесу барысында сайлау процесінің өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері келесідей: респонденттердің 37,5%-ы электрондық (стационарлық) дауыс беруді қолдайды, 60,2%-ы президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан тапсыру міндетті деп санайды, 55,7%-ы соттылығы бар азаматты президент, депутат, әкім сияқты сайланбалы лауазымдарға ұсынуға жол беруге болмайды деп есептейді. Сондай-ақ, респонденттердің 38,6%-ы партиялық тізім бойынша сайланған депутат сол сайланған партиясынан басқа партияға ауысып кетуіне болмайды деп жауап берді.


Соңғы жаңалықтар