Өртеніп жатқан үйінен құжаттарын алып шықпақ болған СҚО тұрғыны ажал құшты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Архангелка елді мекенінде өрт шығып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт кешкі сегіздер шамасында шыққан. Бұл кезде үйде тек 13 жастағы жасөспірім ғана болған екен. Лапылдаған жалынды көрген қыз терезені сындырып, далаға шығады. Қызының айқайын естіп жеткен әкесі жалаң аяқ тұрған баласына аяғындағы пимасын шешіп беріп, өзі құжаттарды құтқаруға үйге кіріп кеткен. Содан қайтып шықпапты.

«Әкесі өртті сөндіремін, құжаттарды алып шығамын деп жанып жатқан үйге кірген. Бірақ ауа жетпей, қайта далаға шыға алмай қалған. Өрт сөндірушілер келгенше дейін газ баллоны жарылыпты», - дейді СҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша өрт - газ баллонының дұрыс орнатылмауынан шығуы мүмкін. Марқұмның соңында 3 баласы қалды.

Соңғы жаңалықтар