Өртенген əйелдің туысқандары судья Серімовті босатуды сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үйін бермей өзін-өзі өртеп жіберген əйелдің туысқандары судья Өмірзақ Серімовті соттамауды өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Серімовтің қорғаушысының айтуынша, екі жақ өзара келісімге келді.

"Менің қорғауымдағы азаматтың ойында қылмыстық ой-пиғылы болмаған",- деді қорғаушы

Арызданушы Айнұр Омарбаева Серімовті сот арқылы қудалауды доғаруды өтінді.

"Материалдық шығын өтелді. Үкім шығарғанда осыны ескеруіңізді сұраймын", - деді жапа шегушінің өкілі.

Алайда, прокурор адвокаттың өтінішін қанағаттандырусыз қалдыруды өтінді.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 2012 жылы болған еді. 5 баланың анасы, 57 жастағы әйел Светлана Тұрғамбаева үйін тартып алуға келген сот орындаушыларының, көршілерінің, отбасының алдында бензин құйып, өзін-өзі өртеп жіберген болатын.

Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйел ауруханада үш күннен соң қайтыс болды.

Қоржымбаевтар отбасы бұл үйді 2010 жылы 6 сәуірде Мыңбаева Баян деген келіншектен сатып алған. Алдыңғы қожайыны оны азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғанда мұра ретінде рәсімдеп алған екен. Мыңбаеваның некесін Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов 2009 жылы заңды деп тапқан.

Бір жылдан соң қайтыс болған ер адамның інісі Масақов Миллетхан «мен жалғыз мұрагермін» деп арыздана бастайды. Содан соң судья Серімов өзінің некені заңды деп тапқан шешімін жоққа шығарады.

Соның кесірінен Мыңбаева заңды мұрагер болмағандықтан, Қоржымбаевтардың сатып алу туралы шарты да заңсыз деп танылады.

Үйдің бұрынғы иесі мен Мыңбаеваның некесін заңды деп тапқан, кейін өзінің шешімін қайтып алған Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов қайғылы оқиғадан соң 2 айдан кейін жұмысына жарамсыз деп, қызметінен шеттетіледі.

Қазір Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталып отыр.

Соңғы жаңалықтар