Ortalyq Qazaqstan мен «Индустриальная Караганда» газеттері жаңа форматқа көшті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттері жаңа форматқа көшті. 90 жылдығына қадам басқан қос газеттің 2021 жылғы алғашқы саны D2 форматында жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

1931 жылы жарық көрген қос газет тоқсан жыл бойы өңірдегі өзекті мәселелерді терең сараптап, жұртшылықты жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Өткен жылдан бері аталған басылымдар «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамына қосылған болатын. Бүгінгі күні газеттердің ақпарат алаңындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі - заман талабына сай және оқырманға оңтайлы жаңа форматқа көшу.

Әлемдегі іргелі басылымдар, сонымен қатар еліміздегі республикалық басылымдардың дені қазір осы D2 форматында жарық көреді. Ол дәстүрлі A2 форматынан ықшам.

Айта кету керек, газеттердің форматы ғана емес, дизайны мен мазмұны да өзгерді. Жаңа жобалар мен айдарлар ашылып, оқырманның әртүрлі топтарының сұранысы зерттеліп, соған сай тың тақырыптар қолға алынбақ.

- Жаңа форматқа көшер алдында заманауи талаптарды, іргелі басылымдардың тәжірибелерін зерделедік. Сонымен қатар, экономикалық тұрғыдан артық шығын әкелмейтінін көріп отырмыз. Газет ықшамдалады, мазмұны мен бет-бейнесі өзгереді. Талдау мен сараптамаға баса назар аударамыз. Алайда, байыпты басылым, сенімді дереккөзі ретінде тоқсан жыл бойы қалыптасқан игі дәстүрлерін сақтай отырып, дамитын болады, - дейді Saryarqa Aqparat медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет.

Сонымен бірге облыстық газеттер оқырман қатарын арттыруға интернет пен әлеуметтік желіні қолдану ісін одан әрі дамытуды көздейді. Осы мақсатта газеттердің интернет ресурсын техникалық-дизайндық тұрғыдан жаңғыртып, мультимедиялық мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар