Орталықтандырылған сатып алу: министрлік дәрі-дәрмектен үнемделген қаржыны қайда жұмсайды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізді жетіспейтін дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Негізгі проблема - бұл шамамен 3 млн адамды тегін дәрі-дәрмекпен (400-ден астам дәрі-дәрмек атауы) қамтамасыз ету. 10 жылдың ішінде бұл атау 180-нен 460-қа дейін артты. Яғни, жыл сайын біз адамдар алатын жаңа атауларды қосып келеміз. Соңғы 5 жылда алушылардың саны 2 миллионнан 3,5 миллионға дейін жетті. Соған сәйкес сомасы да артты. Дегенмен, мемлекет айқындаған тізім бойынша жергілікті бюджеттерден барлық пациенттерге бірдей қаржы бөлінген жоқ. Бұған қоса, дәрілер түрлі мерзімде, алуан түрлі бағаға сатып алынды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, сондықтан өткен жылы дәрі-дәрмекті орталықтандырылған сату, алу туралы туралы заң қабылданған.

«Бұл бізге сатып алынатын дәрі-дәрмектің тізімін кеңейтуге, ашық, таза сауда-саттық жүргізуге мүмкіндік берді. Сатып алудың барлық процедуралары онлайн көрсетілді. Мұндай еш уақытта болған емес»,-  дейді ол.

Министрдің дерегінше, сатып алу процедурасы бойынша 13 хабарландыру жүргізілген және олар қоғам өкілдерінің, кәсіпкерлердің және пациенттік ұйымдардың қатысуымен өткен.

«Сатып алу нәтижесінде айтарлықтай үнем болды және үнемделген барлық қаражат дәрі-дәрмектің қосымша көлемін сатып алуға жұмсалды. Біз өңірлерден қосымша өтінім алдық және ағымдағы жылы тапшылық шамамен 34 млрд теңге екендігін байқадық. Дәл осы мөлшердегі үнемделген сома тапшылықты жабуға шығындалды. Бүгінде жетпей жатқан-дәрі-дәрмектің барлығы қамтамасыз етіледі деп сеніммен айтуға болады», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар