Орталыққа тәуелді партия бюрократиялық тетіктерге байлаулы болады – Дана Нұржігітова

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталыққа тәуелді партия бюрократиялық тетіктерге байлаулы болады. Мұндай пікірді Сенат депутаты Дана Нұржігітова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Децентрализация – дұрыс шешім. Орталыққа тәуелді партия бюрократиялық тектіктерге байлаулы болады. Мұндай кедергілер халықтың аманат деп беріп отырған дүниелерін орындауға жол бермейді. Қағазбастылық, бюрократиялық тежеу күштерінің барлығы партияның жаңаша жұмыс істеуіне кесірін тигізетін ең басты дүние деп ойлаймын. Сондықтан Президенттің және хатшылықтың бастауымен бүгін партияның модернизациялауға деген бет бұрысы – уақытылы жасалған қадам», - деді сенатор.

Сонымен қатар ол Мәжілістің жаңадан сайланған депутаты Саясат Нұрбектің билік партиясының бүгін өткен кезектен тыс съезіндегі бастамаларын қолдайтынын айтты.

«Оның ұсынып отырған дүниелері өте дұрыс деп есептеймін. Халықтың беріп отырған аманаты, жазылатын өтініштер, шағымдар – осының барлығы үлкен ақпарат базасы. Сол ақпарат базасына сараптау жасау, оны сұрыптау, оны белгілеу әрине белгілі бір деңгейде жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жұмыстар қазіргі заманға сай емес. Сондықтан Саясат Нұрбектің Big Data деген терминмен енгізіліп отырған бастамасы өте құптарлық. Осы сараптау жұмыстары Big Data арқылы жүргізілетін болса бүгінгі мынау шағым-арыздардың ішіндегі хаос, ақпараттық хаос, орын-орнына келіп, жеке-жеке қарастыруға және жұмысты белгілі бір бағытқа қоюға, әр депутаттың мүмкіндігін дұрыс пайдалануға өзінің оң әсерін тигізер еді», - деді Дана Нұржігітова.


Соңғы жаңалықтар