Орталық сайлау комиссиясының төрағасы елдегі ең жас ауыл әкімімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ОСК төрағасы 2021 жылғы 25 шілдеде тікелей дауыс беру арқылы сайланған елдегі ең жас ауыл әкімі Владислав Киреймен кездесті. Әкім сайлауға қатысу тәжірибесімен бөлісіп, ауылдық жерлерде үгіт-насихаттың ең тиімді түрлерінің бірі - халықпен жеке кездесулер екенін атап өтті. Тұрғындар осы ауылда өткізілген әкімнің сайлауына және өздері сайлаған қазіргі басшының жұмысына оң баға берді.

Сондай-ақ, Нұрлан Әбдіров саяси партиялар, ҮЕҰ, қоғамдық кеңес, мәслихат, БАҚ өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер және сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға 558 адам қатысты. Кездесуде Мемлекет бас

шысының жолдауында айтылған сайлау процесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша мазмұнды пікірталас өтті.

«Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» РҚБ облыстық филиалының басшысы Дархан Тілемісов мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдары сайлау туралы заңнамаға әйелдермен және жастармен, мүгедектігі бар адамдармен қатар, сайлау партиялық тізімдеріндегі 30% квотаны қамтитын түзетулерді қолдайтынын атап өтті. Бұл ретте, оның пікірінше, мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде де осындай квотаны көздеу қажет.

Бұқар Жырау аудандық мәслихатының хатшысы Әли Асхат мажоритарлық жүйені енгізу аясында ықшам сайлау округтерін құруды, тиісінше округтегі сайлаушылар санын азайтуды ұсынды. Оның пікірінше, елді мекендер арасындағы қашықтық оңтайлы болса және округтегі сайлаушылардың саны едәуір ықшам болса, депутаттыққа кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік алар еді.

Көптеген жылдар бойы учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы болып жұмыс істеген Наталья Клименко сайлау комиссияларының мүшелері Конституциялық заңмен жүктелген маңызды функцияларды орындайтынын алға тарта отырып, олардың мәртебесін арттыру туралы ұсыныс жасады.

«Мұқалмас» ҚБ басшысы Майра Абдрахманова аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің құзыреті туралы мәселе көтерді. «Ақ жол» ҚДП филиалының төрағасы Ермек Әбілдин аумақтық сайлау комиссияларына сайлау процесіне қатысушыларды ақпараттандыру кезінде әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды ұсынды.

Ал, студенттермен өткен кездесуде жас сайлаушыларды аралас сайлау жүйесін енгізу мәселелері қызықтырды. ОСК басшысы мажоритарлық жүйе кандидаттар арасында үлкен бәсекелестікке әкелетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол осы қағидат бойынша сайланған депутаттар партиялық құрылымдардың емес, бірінші кезекте өз электоратының мүдделерін білдіретінін, бұл олардың халық алдындағы жеке жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Үміт Серікованың пікірінше, жастардың сайлауға деген қызығушылығы төмен, жастар арасындағы осындай стереотиптерді жою қажет. Ал, Марлен Қожахметов дауыс беруге қатыспағаны үшін құқықтық жауапкершілікті қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, электрондық дауыс беруді енгізу мүмкіндігі, артықшылықтары мен қауіп-қатерлерін ескере отырып, оны Қазақстанда қолдану тәжірибесі талқыланды.


Кездесу барысында сайлау процесінің өзекті тақырыптары бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнама жүргізіліп, келесідей нәтиже шығарылды. Сұралғандардың 34,3%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайды, 80%-ы президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан міндетті деп санайды, 60%-ы соттылығы бар азамат президенттің, депутаттың және ауыл әкімінің сайланбалы лауазымдарына ұсынылмайды деп жауап берді. Сондай-ақ, респонденттердің 45,7% партиялық тізім бойынша сайланған депутат өзінің партиялық қатыстылығын өзгерте алмайды деп санайды.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров белсенді қатысушыларға «Қазақстандағы сайланбалылық тарихы» кітабын табыс етті.


Соңғы жаңалықтар