Орталық сайлау комиссиясының төрағасы алматылықтармен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Алматы қаласында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК сілтеме жасап.

20 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғимаратында Нұрлан Әбдіровтің саяси партиялар, ҮЕҰ, қоғамдық кеңес, мәслихат, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір жетекшілері, блогерлер және сайлауком мүшелерімен үлкен кездесуі өтті. Іс-шараға 380 адам қатысты.

ОСК Төрағасы ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Аудитория ұсынылып отырған жаңалықтарды қолдай отырып, сайлау туралы Конституциялық заңның жобасын әзірлеу кезінде жұмыс тобының құрамына профильді қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілуі қажет деген ойларын ортаға салды.

Электрондық дауыс беруді енгізу бойынша қызу пікірталас болды. Кездесуге қатысқандардың пікірінше, электрондық дауыс беруді бірінші кезеңде пилоттық жоба ретінде іске асыру керек. Онда ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, қашықтықтан электрондық дауыс беруді, сонымен қатар тікелей сайлау учаскелерінде стационарлық дауыс беруді, яғни қос әдісті бірге қолдану қажет. Сонымен бірге, кездесуге қатысушылар сайлаушылардың жеке санаттары үшін қағаз бюллетеньдері бойынша дәстүрлі дауыс берудің нысаны сақталуы керек деген ойларын жеткізді.

Жұртшылық тарапынан сайлау жүйесін жетілдіру жөнінде өзге де біршама ұсыныстар алға тартылды. Атап айтқанда, сайлауды өткізер алдында учаскелік сайлау комиссияларының құрамын жаңарту, сайлау процесінің барлық қатысушыларын жүйелі түрде электораттық оқыту, ұлттық байқаушылардың құқықтары мен өкілеттіктерін кеңейту, сайлау учаскелерін бейнебақылау камераларымен жабдықтау және сайлау науқандарының барысы жөнінде ақпараттандыру арналарын ұлғайта түсу сияқты мәселелер көтерілді.

Сонымен қатар Нұрлан Әбдіровтің Алматы қаласындағы түрлі жоғары оқу орындарының және колледждердің студенттерімен дәстүрлі кездесуі өтіп, оған 365 адам қатысты.

Жастардың сайлау институтына деген қызығушылықтары мен сенімдерін нығайту, олардың саяси мәдениетін арттыру қажеттігі сияқты мәселелер кездесудің маңызды тақырыбына айналды. Қатысушылар жас сайлаушыларды оқыту, әсіресе олардың сайлау және сайлану құқықтарын түсіндіру шараларына ерекше назар аудару қажет деген ойларын тілге тиек етті. Осы ретте, бұл жұмыста заманауи ақпараттық арналарды және тың әдістерді қолдану маңызды деген пікірлерін білдірді.

Жастар сайлау процесін цифрландыру, оның ішінде блокчейн-технологияларын қолдану туралы мәселелерге ерекше аударды. Олардың пікірінше, бұл азаматтардың сайлауға деген сенімін арттырмақ.

Сондай-ақ аудитория тарапынан сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қатысты заңнама талаптары, комиссиялардың сайлаудың жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары, жастардың ҮЕҰ-ның сайлау процесіне өз кандидаттарын ұсыну субъектілері ретінде қатысуы және т.б. мәселелер көтерілді.

Кездесу барысында, өзге өңірлердегі сияқты, сайлау процесінің өзекті мәселелері бойынша онлайн-сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей: жастардың 44,8%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайды; респонденттердің 70,6%-ы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан тапсыру міндетті деп санап отыр; респонденттердің 49,5%-ы соттылығы бар азаматты Президент, депутат, әкім сияқты сайланбалы лауазымдарға ұсынуға жол беруге болмайды деп санайды. Сондай-ақ, респонденттердің 39,2%-ы партиялық тізім бойынша сайланған депутат сол сайланған партиясынан басқа партияға ауысып кетуіне болмайды деп жауап берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров кездесуде белсенділік танытқан жастарға Орталық сайлау комиссиясы шығарған «Қазақстандағы сайлау тарихы» кітабын табыс етті.

Өз кезегінде жастар өкілдері ОСК Басшысына ашық және тартымды диалог үшін алғыстарын білдірді.

Ортсайлауком Төрағасының Алматы қаласының жұртшылығымен және жастарымен кездесулерінің барлығы басқа өңірлердегі сияқты әлеуметтік желілерде трансляция режимінде көрсетілді.

Нұрлан Әбдіровтің келесі жұмыс сапары ағымдағы жылдың 25 сәуіріне Шығыс Қазақстан облысына жоспарланып отыр.




Соңғы жаңалықтар