Орталық сайлау комиссиясы келіп түскен өтініштерге түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысында ОСК-ға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы тақырып бойынша Ортсайлауком мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндама жасады.

Ол жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мазмұны мен барысы Орталық сайлау комиссиясының төрт отырысында – кандидаттарды ұсыну кезеңінің қорытындысы, партиялық тізімдерді тіркеу, сайлау алдындағы үгіт кезеңінде және үгіт кезеңінің аяқталу қорытындылары бойынша қаралғанын хабарлады.

«Сайлау жарияланған кезден бастап, 21 қазаннан бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясына 104 өтініш келіп түсті. Оның ішінде: 46-сы – жеке тұлғалардан, 36-сы – заңды тұлғалардан, сондай-ақ 22 -сі бұқаралық ақпарат құралдарынан. Көтерілген мәселелердің сипаты бойынша өтініштер былайша бөлінді: 63,4% (66 өтініш) – сайлау заңнамасын түсіндіру туралы, 13,5% (14) – сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы, 4,8% (5) – ұсыныс, тағы да 4,8 пайызы - (5) өтініш, 13,5% - (14) – өзге де мәселелер», - деді Е. Дауылбаев.

Оның айтуынша, көрсетілген кезеңде келіп түскен 104 өтініштің 81-іне ОСК аппараты өтініш берушілерге белгіленген мерзімдерде толық жауаптар берді. 12 өтініш Ортсайлауком құзыретіне кірмейтін тақырып ретінде заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жіберілді. 6 өтініш заңнамаға сәйкес қараусыз қалдырылды: олардың ішінде 4 азаматтың өтініші, өйткені оларда мәселенің мәні баяндалмаған, сондай-ақ жаңа дәлелдер келтірілмеген екі қайталама өтініш. 5 өтініш қаралып жатыр. Орындалмаған өтініштер жоқ.

Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен өтініштерді талдау негізінде үштен екісі немесе 68% сайлау саласындағы заңнаманың әртүрлі аспектілерін түсіндіруге қатысты екенін көрсетеді.

Е.Дауылбаев өз баяндамасында Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстың маңыздылығын сезіне отырып, 2020 жылғы 26 қарашада өтініштерді қарау барысы және сайлау заңнамасын түсіндіру тәртібі туралы Қаулы қабылдағанын атап өтті. Орталық сайлау комиссиясы өкілеттілігі аясында басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп түсіндіру жұмысын ұйымдастыру бойынша шаралар жүйесін құрды. Ортсайлауком ақпараттық-түсіндіру материалдары кешенін әзірледі (бейне-, аудиорликтер, плакаттар, әдістемелік және басқа да материалдар), олар бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінде кеңінен орналастырылды.

Сонымен қатар, Ортсайлауком қаулысына сәйкес ЖАО-мен бірлесіп, уақытша тіркелген азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу тәртібі туралы азаматтарға кеңінен ақпарат беру, соның ішінде онлайн-сервистер мен Call-орталықтар арқылы ақпарат беру ұйымдастырылды.

«Республиканың барлық өңірлерінде сайлау науқаны басталған кезден бастап 187 Call-орталық жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдардың Call-орталықтары мен онлайн-сервистеріне азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу және олардың мәртебесін нақтылау, аумақтық әрі учаскелік сайлау комиссиясының орналасқан жері туралы байланыс ақпаратын беру мәселелері бойынша, сайлау процесі мен сайлау қызметінің өзге де мәселелері тұрғысында 381,5 мыңнан астам өтініш түсті. Әділет министрлігі 2020 жылғы 10 желтоқсаннан бастап республика үшін 119 бірыңғай нөмірі бар Call-орталық арқылы құқықтық консультациялар берді. 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Әділет министрлігі жанындағы Call-орталыққа 1129 өтініш түсті. Соның ішінде 821 – сайлау заңнамасын түсіндіру мәселесі бойынша, 308– аумақтық сайлау комиссиялары туралы, жергілікті атқарушы органдардың Call-орталықтары туралы байланыс (анықтамалық) ақпараты туралы сұраулар», - деп нақтылады ОСК мүшесі.

Жалпы, ОСК-ға келіп түскен барлық өтініштердің үштен бірі 13 заңды тұлғадан келіп түсті, олардың жартысы - 3 қоғамдық ұйымнан. Олардың әрқайсысынан сұрақтармен 5 өтініш келіп түсті, оларға тікелей жауаптар бейіндік заңда қамтылған.

ОСК-ға келіп түскен өтініштердің алтыдан бір бөлігі сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы ОСК-ның 4 желтоқсандағы қаулысының негізгі ережелерін түсіндіруге қатысты.

«Бұл мәселе ОСК-ның 2 отырысында қаралды, баспасөз мәслихаты өткізілді, 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым қатысқан бір жарым сағаттық оқыту семинары өткізілді», - деді Е. Дауылбаев.


Соңғы жаңалықтар