Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтарға үндеу жолдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына орай сайлаушыларға үндеу жолдады. Үндеу мәтінін ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз болып табылады. Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі. Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келуге мүмкіндігі жоқ әрбір азамат дауыс беру күніне дейін бір айдан кешіктірмей немесе 2022 жылғы 20 қазанда тиісті әкімдікке өтініш беруге және өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы. Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады», - делінген Нұрлан Әбдіров жария еткен үндеу мәтінінде.

Сонымен қатар құжатта осы құқықты:

- вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар;

- басқа қаладан келген, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқитын, жатақханадан тыс тұратын студенттер;

- дауыс беру күні олар тіркелген жерінде болмайтынын білетін азаматтар пайдалана алатындығы көрсетілген.

Азамат сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізілуі мүмкін. Тіркелу орны бойынша сайлаушылар тізіміне қосылуын сайт немесе тиісті әкімдіктің call-орталығы арқылы тексеруге болады. 2022 жылдың 4 қарашасынан бастап сізге сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік беріледі.

«Құрметті сайлаушылар! Құқықтық сауаттылық көрсетуге және сайлауға қатысу құқығыңызды іске асыруға шақырамыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша қажетті заңдық маңызы бар әрекеттерді уақтылы қабылдаңыз!», - деп атап өтеді ОСК төрағасы.


Соңғы жаңалықтар