Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясының кандидаттар тізімін тіркеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырысты ашқан ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Мәжіліс пен мәслихаттардың партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға Қазақстанда тіркелген барлық 6 саяси партияның жіберілгенін еске салды.

Осыдан кейін ҚР ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады.

Оның атап өтуінше, 2020 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы құжаттарын тапсырған.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес бір саяси партиядан тізімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімінде 19 адам, 4 әйел және 29 жасқа толмаған 2 адам енгізілген, бұл - тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,5 пайызы», - деді ол.

Сонымен қатар ол уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізгенін айтты.

«Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституцияның және Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді»,- деді Асылбек Смағұлов.

Осыған байланысты ҚР ОСК мүшелері «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.


Соңғы жаңалықтар