Орталық референдум комиссиясы бюллетеньдерді дайындауға қатысты қаулы қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Референдум бюллетеньдері 28 мамырға дейін дайын болады. Бұл туралы елордада Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау тәртібін Орталық референдум комиссиясы белгілейді. Учаскелік референдум комиссиялары дауыс берілетін күннен кемінде жеті күн бұрын бюллетеньдермен қамтамасыз етіледі», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.

Таратылған мәліметке қарағанда, Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері референдум комиссиясына ұсынылып, тиісті әкімнің қолы қойылды.

«Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес, тізімдерге 11 722 536 адам енгізілді. 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындаудың кейбір мәселелері туралы» Орталық референдум комиссиясының қаулысымен дауыс беруге арналған бюллетеньдер бір пайыз резервпен референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізілген санға тең мөлшерде дайындалады деп белгіленген. Демек, 11 839 761 көлемінде дауыс беруге арналған бюллетень шығарылуы тиіс», - деді ОСК хатшысы.

Оның айтуынша, белгіленген мөлшерде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау және референдум учаскелеріне заңнамада көзделген мерзімде жеткізу облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың референдум комиссияларына тапсырылады.

Аумақтық референдум комиссиялары бюллетеньдерді референдум учаскелеріне жеткізу үшін белгіленген мөлшерде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындауды 2022 жылғы 28 мамырға дейін қамтамасыз етуге тиіс.

Осы орайда бүгін, Орталық референдум комиссиясының «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын белгілеу туралы» қаулысы қабылданды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 10 013 референдум учаскесі іске қосылады.


Соңғы жаңалықтар