Орталық органдардағы шешімдер өңірлердің мүддесіне орай қабылдануы керек – Сенат төрағасы

None
Фото: senate.parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік органдарда өңірлер мен орталық арасындағы кадрлық ротацияны қамтамасыз ету керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда орталық органдардағы мемлекеттік қызметшілердің көбінің өңірлерде жұмыс тәжірибесі жоқ. Сондықтан олар аймақтардағы мәселелерді жақсы біледі деп айта алмаймыз. Жалпы, Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы шешімдер өңірлердің мүддесіне орай қабылдануы керек. Бүгін қаралып жатқан заң жобасы осы мәселені оң шешуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар Палата спикері өңірлердің арасындағы ротация мәселесіне де назар аударды.

«Бұл ретте өңірлердің арасындағы кадрлық ротацияны қамтамасыз етудің де маңызы зор. Мысалы, батыстағы азаматтар шығысқа, солтүстіктегілер оңтүстікке барып жұмыс істейтіндей мүмкіндіктер болуы қажет. Сондықтан азаматтарымыздың әр өңірде жұмыс істеуіне жол ашып беруіміз керек. Бұл елімізді біртұтас мемлекет ретінде дамытуға өз үлесін қосатын маңызды қадам екені сөзсіз», – деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Мәулен Әшімбаев заң қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін онда көрсетілген нормалар қағаз жүзінде қалмай, тиісті мемлекеттік орган ротация механизмдерін дәйекті түрде іске асыруы керектігін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, агенттік басшысы басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем берілетінін, бұл қаражат пәтер жалдауға бағытталатынын айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған.

Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек.


Соңғы жаңалықтар