Орталық музейде заңсыз есірткі айналымынан алынған заттар көрсетіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 5 шілдеде «Қайтарылған құндылықтар» көрмесі ашылады. Бұл көрменің бір ерекшелігі экспозицияға ҚР Қаржы министрлiгiнiң Қаржы мониторингі комитетiнің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті заңсыз айналымнан тәркілеген тарихи және мәдени маңызы бар заттар, бейнелеу өнері туындылары мен антикварлық бұйымдар қойылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мәдени құндылықтар ағымдағы жылы сот шешімімен мемлекет пайдасына беріліп, комиссияның хаттамалық шешімімен рәсімделгеннен кейін Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің тікелей бастамасымен музей қорына тапсырылды.

Ұйымдастырушылар мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерімен қала тұрғындары мен қонақтарын таныстыруды мақсат етіп отыр.

Көрмеге келушілер Император сарайының сән-салтанаты мен аса жоғары мәртебесін көрсететін К. Фаберже зергерлік үйі шығармаларының жауһарлары - ішінде тосын сыйы бар, гильоширлі суреттер және алмаздармен безендірілген пасха жұмыртқалары, сонымен қатар Ресей патшайымы Елизавета Петровна бейнеленген миниатюра мен бағалы әшекейлер сақтауға арналып табиғи нефриттен жасалған қобдишаны тамашалайды. Сонымен қатар көрме экспозицияға көне діни және сирек кездесетін кітаптар қойылады. Олардың ішінде қолжазба Құран мен тәпсірлер, Інжіл, Евангелие, сондай-ақ, 1857 жылы иврит және ағылшын тілдерінде басып шығарылған дұғалар жинағы да бар.

Көрермен назарына Қастеев, Исабаев, Хлудов, С. Калмыков сынды белгілі қазақстандық суретшілердің шығармалары, сонымен қатар Герард Дау, Л. Бурэ, Ф. Рубо, Р. Зоммер секілді XVII- XX ғасырдағы шетел және орыс бейнелеу өнері суретшілерінің туындылары ұсынылады. Олардың қатарындағы голландтық кескіндеме өнерінің Алтын ғасыр шебері әрі Рембрандт ван Рейннің тұңғыш шәкірттерінің бірі Герард Даудың (XVII ғ.) «Скрипкашы» картинасын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар көрмеге «Forbes Kazakhstan» журналына жарияланған үздік ондықтағы алты суретшінің жұмысы қойылған.

«Келушілер назарына «гурда», «шамшир» «ятаган», қанжар сияқты суық қару үлгілері мен қорғаныс жарақтары да ұсынылады. Сондай-ақ қару-жарақ жасау ісінің шебері Матья Баркер шамамен 1774-1776 жж. Бирмингемде (Англия) жасап шығарған «Washington and Lee» қос тапаншасы келушілердің зор қызығушылығын тудырары сөзсіз. Өзгеше безендірілуімен, сипатының әсемдігі және жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленетін сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары да көрме экспозициясының көркін келтірері сөзсіз. Олардың қатарындағы ХІХ ғасырдың соңына жататын француздың камин сағаты, «окимоно» мүсіншелері, фарфор вазалар, шахмат жинақтары келушілердің айрықша назарын аударады», - деді музейдің баспасөз қызметінен.

Көрме 2019 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар