Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытудың достық, тату көршілік шарты үлкен жауапкершілік жүктейді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 20 шілде күні Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Ата қаласына барды.

Осы орайда бүгін өткен саммитте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары әлемдегі қазіргі геосаяси және экономикалық ахуалға байланысты өңірлік интеграцияның перспективаларын қарастырды. Бұл жиын өңірдің алдағы даму бағытын айқындап, әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетті.

Экономист Сапарбай Жобаевтың сөзіне қарағанда, мемлекет басшыларының Қырғызстандағы кездесуі экономикалық, саяси, мәдени және логистикалық, экологиялық байланыстарды шешуге бағытталған.

«Атап айтқанда, бұл кездесу Орталық Азия елдеріне не береді? Біріншіден, мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, бейбіт өмірді қамтамасыз ету қадамдары басты назарға алынады. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Қырғызстан мен Тәжікстан шекаралары арасындағы шиеленісті шешуге қатысты ұсыныстарын айтты. Менің ойымша, бұл өте күрделі мәселені Орта Азия елдері өздері шешуі үшін күш-жігерін салуы керек», - деді сарапшы.

С. Жобаев бүгінгі саммитте Орталық Азия елдерінің жастарын оқыту мәселесіне де көңіл бөлінгенін айта келе, бұл бағытта Қазақстан жағы ұсынған бастамалардың орындалуы бақылауда болуы керек екенін жеткізді. Себебі Орталық Азия өңірінде білім беру саласындағы ынтымақтастық бойынша шешімді қажет ететін мәселелер баршылық.

«Сонымен қатар, елдердің арасындағы шекарадағы кейбір кемшіліктерді жою керек. Мемлекет басшысы көлік байланысын арттыруға қатысты маңызды ұсыныстарды айтты. Осы орайда көршілес елдердің үкіметтері деңгейінде тауар тасымалы кезінде халыққа қолайлы жағдай жасаудың қадамдарын пысықтауы тиіс. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы саудада бізде оң баланс бар. Біздің осы елдерге экспортайтын тауарлардың көлемін әлі де арттыруға мүмкіндік бар. Жалпы, бүгін көтерілген бастамалар орындалса, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеру үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Яғни, тек сөз жүзінде қалмауы керек», - деді экономист

Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың құжаттары бекітілді

Қазақстан Президенті осы маңызды самиитте бірқатар өзекті мәселе бойынша бастама көтеріп, көршілес елдерді осының барлығын жүзеге асыруға шақырды. Бұл тұрғыда ұлттық архив орталықтары мен кітапханалардың ынтымақтастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін Біріккен онлайн-платформа құру ұсынылды. Бұдан бөлек, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайты пайда болуы мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақты біртұтас мәдени кеңістік ретінде көрсету мақсатымен «Орталық Азияның мәдени астанасын» жыл сайын таңдау тәжірибесін енгізу бастамасын көтерді.

«Мемлекеттеріміздің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр және бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне толық сай келеді. 2018 жылы Қазақстанда өткен бірінші Консультативтік кездесуден бері өңірлік ынтымақтастық барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келеді. Шынайы тату көршілік және одақтастық рухындағы қатынастарды қарқынды дамытуға бағытталған мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық қарыштап кеңеюде. Күш біріктіре отырып, ықпалдастықтың пандемияға дейінгі деңгейін қалпына келтіріп қана қоймадық, сондай-ақ тауар айналымын едәуір арттыра алдық. Біздегі мәліметтер бойынша былтыр ішкі өңірлік сауда-саттық көлемі 27 пайызға (2018 жылғы 43 пайыздық өсім көрсеткішімен салыстырғанда) өсіп, 8 миллиард доллардан асты. Мәдени-гуманитарлық байланыстар Орталық Азия мемлекеттерінің ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастарының берік негізі болып қала береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атап айтқанда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжат қабылданды.

Осы орайда Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі, Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы қабылданды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт келісілді және оған қол қою рәсімі басталды.

Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары Аралды құтқару халықаралық қоры президентінің өкілеттіктерін ұзарту туралы шешімге қол қойды.

«Біздің қатынастарымыздың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бүгін қабылданатын шартта бекітілген. Бұл құжат мазмұны мен тарихи перспективасы тұрғысынан бірегей саналады. Оған елдеріміз арасындағы мемлекетаралық дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында қол қойылуының символдық мәні бар. Бұл тарихи құжат бесжақты стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіреді. Орнықты дамуды, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – келешек ұрпақ алдында бізге үлкен жауапкершілік жүктейтін ортақ міндет. Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға, Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарға адал болып қала беретінін айтқым келеді», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Шиеленіс дипломатия жолымен шешілуі тиіс

Қауіпсіздік пен дипломатия салаларындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала беретіні түсінікті. Бұл өз кезегінде Орталық Азия халықтарының өркендеуіне тиісті жағдай жасау үшін өте қажет қадам.

«Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға, жан-жақты ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылған ауқымды аймаққа айналуы қажет. Қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу жөніндегі шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшыларының тұрақты консультациялар механизмін іске қосқан жөн. Бұдан бөлек, өңірлік және халықаралық проблематиканың маңызды мәселелеріне қатысты келісілген әдістерді әзірлеу үшін сыртқы істер министрлеріне, кемінде жарты жылда бір, тұрақты түрде кеңес өткізуге тапсырма беруді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауға ерекше назар аударды. Осы тұста соңғы кезде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болып жүрген қақтығыстар алаңдатып отыр.

«Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер ететіні белгілі. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ», - деді Президент.

Берік экономикалық базаны құру керек

Бүгінгі саммитте соңғы 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жеткені айтылды. Өзара сауданы кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар екенін ескере отырып, болашақта бұл көрсеткіш 15 миллиард долларға дейін жеткізілмек.

«Орталық Азияның экономикалық кооперациясы басты өсім көзі, кемінде елдеріміздің ұлттық экономикасын дамытудың қозғаушы күші болуға барлық негіз бар. Экономикалық әлеуетіміз бен тиімді географиялық орналасуымызды толыққанды пайдалану үшін құрылымдық және инфрақұрылымдық шектеулерді жоюды көздейтін тығыз ықпалдастық орнату маңызды. Шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісін құруға бағытталған нақты шаралар қабылдаған жөн болар еді. Бұл Орталық Азия елдерінің бірыңғай тауар өткізу жүйесіне тірек қызметін атқарады және оны одан әрі кеңейтуге болады», - деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта қырғыз және өзбек серіктестерімен нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасы, ал қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жүзеге асырылып жатыр. Тәжікстанмен көтерме сауда-тарату орталығын құру туралы келісім бар, Түрікменстанмен астық терминалын салу жоспарланған.Бұл жобалар өзара сауда айналымының көлемін арттыруда ортақ мүддемізге сай және Еуразиялық экономикалық одақ нарығы мен өзге де елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Өңірдегі көлік байланысы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, жаңа геосаяси жағдайда трансконтиненталдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті. Бұдан бөлек, Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға әзір.

«Нақты айтқанда, теміржол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Өз тарапымыздан серіктестерімізді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсенді пайдалануға шақырамыз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл бағытта Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақтастық орнатылғанын еске салды. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Түркменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолын салуды құптаймыз. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» автожолы учаскесін қайта салу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Климаттың өзгеру салдарын еңсеру

Қазақстан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынды.

«Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына алып келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнымен қоса Қазақстан Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырды.






Фото: t.me/bort_01


Соңғы жаңалықтар