Орталық Азияға қауіп қайдан келуі мүмкін - ҰҚШҰ штаб бастығының пікірі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия үшін негізгі қауіп әлі де Ауғанстандағы тұрақсыздық болып қала бермек. Бұндай пікірді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен штабының бастығы Анатолий Сидоров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бүгін ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы Анатолий Сидоровтың «ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын құрылымдау және басқару органдарының бірлескен даярлығының қорытындысы» тақырыбындағы брифингі өткен болатын. Астана - Бішкек-Ереван-Минск видеокөпір форматындағы брифингте штаб бастығы ұйымға Шығыс Еуропа, Кавказ аймақтарынан төнуі ықтимал қауіптерді саралай келе Орталық Азия туралы да ойымен бөлісті.

«Орталық Азия аймағына ойысатын болсақ, ҰҚШҰ-ға мүше елдерге негізгі қауіпті Ауғанстандағы әлі де саябырламай тұрған қарулы қақтығыстар тудырып отыр. 2018 жылы әртүрлі бандалық құрылымдар мен ауған күштерінің арасындағы қақтығыстар өсе түсті. Сонымен қатар, талибан қозғалысы мен террористік саналатын ДАИШ-тың белсенділігі байқалады. Ауғанстанның солтүстік өңірлерінде осы үрдісті байқауға болады. Ондағы тұрақсыздық экстремистік-террористік топтардың күшеюіне жайлы жағдай жасауда», - дейді Анатолий Сидоров.

Сонымен қатар, оның ойынша, Орталық Азия елдеріне тағы бір өзекті қауіптің бірі - есірткі заттарының тасымалдануы болып отыр.

«Терроризм деңгейі бойынша Ауғанстан қазір әлемдегі екінші елге айналды. Ал 2018 жылы зорлық-зомбылықтың кесірінен 3 мыңға тарта бейбіт ауған халқы көз жұмған», - дейді ол.

Оның айтуынша, ауған дағдарысын ретке келтірерлік елдер арасында нақты диалог жоқ.

«Ұжымдық қауіпсіздікті сақтау үшін біз ұйымға мүше елдермен бірлескен әскери дайындық жұмыстарын жүргізіп келеміз. 2018 жылы біз бірлескен даярлық тәжірибесін жалғастырдық. Барлық бірлескен оқу-жаттығу жұмыстары «Әскери бауырластық» жедел-стратегиялық оқу шаралары аясында өткізілді. Оқу барысында шешім қабылдау механизмдерін жетілдіру, ұжымдық күштердің әскерилерін басқару шаруалары кеңірек жетілдірілді. Сондай-ақ, бірлескен операция кезінде құрылымдардың әрекеттеріндегі тәртіпті күшейту ісі нақтыланды», - деді Анатолий Сидоров.

Соңғы жаңалықтар