Орталық Азиядан үміт арқалап аттандым – БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының бірінші орынбасары Әмина Мұхаммед Орталық Азияға жасаған сапарын қорытындылады, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында мен ресми сапармен Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдеріне барып қайттым.

Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен халықаралық конференция сол сапарымның түптағаны болды деуге тұрарлық. Іс-шара өңір үшін өзекті болып саналатын су мәселелеріне арналды.

Ауғанстаннан тыс жерлерде, Орталық Азия аймағында су бейбітшілік пен ынтымақтың катализаторы болып есептеледі. Орталық Азия елдері суды жасыл энергетикаға, ауыл шаруашылығын климатты сақтай отырып жүргізудің әдістеріне және ауыз су тапшылығын шешуге пайдаланады», - деп жазады БҰҰ өкілі.

Әмина Мұхаммед Орталық Азия елдерінің су ресурстарын басқаруды жетілдіруге барынша ынталы екенін аңғарған.

«Бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші үлкен көл болған. Ауыл шаруашылығы саласында ондаған жылдар бұрын жүргізілген орынсыз ирригациялық жобалар температураның жоғарылауымен бірге 1990-шы жылдардың аяғында теңіз бетінің бастапқы қалпынан 10%-ға дейін төмендеуіне әкелді. Арал теңізіндегі климаттық апат ұлттық немесе аймақтық шеңберден әлдеқайда ауқымды. Бұл – жаһандық трагедия.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Арал теңізін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялады»,- дейді БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары.

Оның пайымынша, климаттың өзгеруіне қарсы күресте өңірлік шаралардың маңызы ерекше.

«Орталық Азияда мұздықтар су мен экожүйе теңгерімінде маңызды рөл атқарады. Жаһандық жылыну аймақта сол мұздықтардың еруін тездетуде. Орталық Азиядағы мұздықтар кейінгі елу жылда 25 пайыз сарқылды. Алдағы 20 жылда тағы осындай көлемде мұздықтар жойылуы мүмкін. Бұл қоршаған ортаға тасталатын шығарындыларды азайту, Париж климат келісіміндегі температураның 1,5 градусқа дейін өсуін шұғыл түрде шектеу мақсатына қол жеткізуге жаһан болып әрекет етуге негіз болатын себептің бірі», - дейді ол.

БҰҰ өкілі Қырғыз Республикасы 2022 жылды тау экожүйелерін қорғау және климаттық тұрақтылық жылы деп жариялағанын, аймақтағы басқа елдер ол бастаманы қолауға міндеттеме алғанын ризашылықпен атап өткен.

«Қаражаттың болмауы аймақтың өзін, экономикасын «жасылдандыруға» айтарлықтай кедергі болып тұр.

Мұндағы табиғи байлықты сақтау мен қалпына келтіру шараларына да қаражат жетіспеушлігі айтарлықтай кедергі. Бірақ өңір елдерінің бұл тұрғыдағы амбициялары құптарлық. Цифрлық технологиямен үйлесім тапқан жасыл экономика жалпы экономиканы жаңғыртып қана қоймай, жаһандық қажеттіліктермен үндес секторларда жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аймақта демографиялық өзгерістер жасау үшін экономикалық даму жолын қайта қарау маңызды», - деген ой айтады.

БҰҰ дерегі бойынша, Орталық Азияда 76,5 млн адам тұрады. Оның көбі жастар. Өңірдегі халықтың орташа жасы – 27,6.

«Мен Орталық Азия университетінде болып, жастармен кездестім. Олар өз елдерінің экономикасын өнімді етіп қалыптастыруға тас-түйін дайын. Тек үндеріне құлақ асу қажет», - дейді Әмина Мұхаммед.

Айтуынша, жасына қарамастан өзі тілдескен әйелдердің бәрінен осыған ұқсас пікір естіген.

«Олар әйелдердің экономикадағы мүмкіндіктерін, құқықтары мен көшбасшылығын қамтамасыз ететін тең құқықты және инклюзивті қоғам құруға тезірек кірісуді қалайды.

Сонымен бірге жаһандық ауқымда көлеңкелі пандемияға айналған гендерлік зорлық-зомбылықтың қатері бар. Орталық Азияға оны да еңсеру керек. Әсіресе жынысқа қарай кемсіту әдетін жойып, жауыр болған әлеуметтік нормалардан, патриархалдық қатынастар мен таптаурын түсініктерден арылу қажет. Сонда ғана толықтай гендерлік теңдік орнайды»,- дейді БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары..

Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл тұрғыда да Орталық Азия елдерімен бірлесіп жұмыс істеуге және қолдау көрсетуге дайын.

«Адам құқықтарына қатысты мәселелер басты назарда болуы керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы осал топтардың үнін жеткізуді күшейтеді. Сол арқылы теңдікке, әділдік пен инклюзивтілікке, аймақтағы тұрақты даму мен бейбітшілікті сақтауға қажетті шешімдер ұсынады. Аймақтағы шекарамен байланысты даулы мәселелердің шешімін табу бейбітшілікпен бірге әлеуметтік-экономикалық дамуға негіз болады.

Укринадағы соғыстың халық пен экономикаға тигізетін ауыртпалығын жеңілдету, зорлық-зомбылық экстремизмінің таралуына жол бермеу шараларын қабылдау үшін заңның үстемдігі қажет. Оның ішінде халықаралық құқықтың, адам құқықтарының орны ерекше», - деген Әмина Мұхаммед өңірге жасаған сарпарынан жақсы әсермен оралғанын мәлім етті.

«Көптеген сын-тегеуріндерге қарамастан, Орталық Азиядан үміт арқалап аттандым. Өзгерістер болып жатыр.Бүкіл Орталық Азияның халқының инклюзивті және тұрақты болашағын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар», -деді БҰҰ-ның лауазымды басшысы.

Еске салсақ, 9 маусымда Президент Қасмы-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммедті қабылдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар