Орталық Азиядағы су тапшылығы болмауы үшін: Қазақстан үнемдеу мен жаңа технологияға көшуі керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда ауыз су тапшылығы, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін аса күрделі мәселелердің біріне айналып отыр.

Қырғызстан және Тәжікстан - ағыс бойында жоғары орналасқан елдер, яғни қалған ортаазиялық елдерге жіберілетін су ағынын қалай реттеу солардың қолында. Қырғызстан Сырдария өзенінің, ал Тәжікстан Әмудария өзенінің алабын бақылайды. ҚР Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының деректері бойынша Қазақстан сырттан келетін өзен суына 42%, Өзбекстан - 77%, Түркіменстан 94 % тәуелді. Ал судың қожайыны - айыр қалпақты ағайындардың бұл мәселедегі ұстап отырған бағыт-бағдары қалай? Етектегі елге жіберілетін судың көлемін және оны жіберу уақытын реттеу мәселесін саясатқа араластырып жүрмей ме? Осы мәселенің кей-кейде көңілге күдік ұялататыны бар.

Өзбекстан мен Қазақстан сол суға ең алдымен жер суландыру қажеттіліктері үшін зәру.

Бұл орайда әлемге танымал ғалымдардың, ірі саясаткерлердің климаттың өзгеруі, әсіресе жаһандық жылымықтық теріс салдары жайлы зерттеулері көңіл көншітпейді. Соңғы жылдары Қырғызстан бойынша мұздықтардың еру қарқындылығы еселене түсуде. Бұл ретте өңірлік өзен жүйесінің негізгі қоректендіру көздерінің бірі болып табылатын Орталық Азия мұздықтарының шамамен 45% осы республикада орналасқандығын атап өткен жөн.

Қоршаған ортаның жай-күйі туралы Қырғыз республикасының соңғы ұлттық баяндамасына сәйкес бірнеше онжылдық барысында мұз массасының жалпы көлемі шамамен 20% азайған екен. Сарапшылар атап айтқандай, егер осы үрдіс бұрынғы қалпында қалса, онда 2050 жылға қарай Қырғызстандағы мұздықтардың 50% жойылуы әбден мүмкін.

Су проблемасы барлық пайдаланылатын судың екі басты өзен - Сырдария мен Әмудариядан алынатындығында болып тұр. Сырдария Қырғызстаннан Тәжікстан арқылы Өзбекстанға (халық тығыз орналасқан Ферғана алқабы арқылы) және Қазақстанға, ал Әмудария - Тәжікстаннан Түркіменстанға және Өзбекстанға ағады. Міне осылайша етектегі Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан ағыс бойымен жоғарыда орналасқан елдерге су жағынан тәуелді болып отыр.

Бұл арада су ресурстарының бағасына жеке тоқталған да жөн болар. Әрбір текше метр су үшін ақша төлеп жатқан елдер де бар. Таза су танкерлермен жеткізілетін АҚШ пен Канада, Швеция мен Германия, Түркия мен Болгария және көптеген басқа елдер арасында көптеген жылдардан бері су сату жолға жойылған. Кейде тіпті бағасы бір текше метр үшін бір центтен бес центке дейін де өзгеретіні бар. Дегенмен бұл ретте бір текше метр үшін екі цент орташа баға болып табылады. Су мәселесін зерттеп жүрген кейбір ғалымдар оқтын-оқтында Қырғызстаннан босатылатын судың бағасы жайлы кереғар пікірлерін білдіріп қояды. Олар әлемде Қырғызстан сияқты едәуір экономикалық қиындықтарды басынан өткізе отырып, өзінің бай су ресурстарын соның есебінен айтарлықтай экономикалық пайда көріп отырған шекаралас мемлекеттерге өтеусіз беріп отырған басқа егеменді елдің жоқ екендігін атап өтуде. Бұл елдің заңында осы республика аумағынан көршілес Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан аумақтарына ағатын барлық су үшін емес, жыл сайын Қырғызстанның су қоймаларында және басқа да суландыру құрылыстарында жиналатын 23 миллиард текше метр су үшін ғана ақы төлеу көзделген және судың 80 пайыздан астамы Қазақстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға тегін беріліп отырады.

Сарапшылар болашақта ауыз судың бағасы мұнайдан да қымбат болады деп болжауда.

Мемлекетаралық өзендердің су ресурстарына ақы төлеу қағидатын енгізуге белсенді түрде қарсылық білдіріп келе жатқан Өзбекстанның жағдайы да мүшкіл десек артық айтқандық болмас. Оның қырғыздардың су қоймаларынан күзгі-қысқы су жіберу уақытында өз аумағында жеткілікті суды ұстап қалатын меншікті ірі су қоймалары кемшін. Ендеше, Өзбекстан үшін ағыс бойымен жоғарыда орналасқан елдерге жеткізілетін су үшін ақы төлеп, олармен ымыраға келу аса маңызды.

Мұның оңды жағы да бар. Мемлекетаралық өзен суларына ақы төлеу қағидаты өңір елдері арасындағы даулы, ірі жанжалға ұрындырар түйткілді жоюға ғана емес, сондай-ақ өңірді сумен қамту мәселесін барынша жақсартуға мүмкіндік береді және жаңа су қоймаларын салуға ынталандырады.

Бұл бағытта елімізде ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану және өзен алқаптарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылғы мамыр айында су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын.

Ал әлем елдері де қамсыз қалмай отыр. Йоханнесбург қаласында 2002 жылы өткен Тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік саммитте барлық қатысушы елдер «Су ресурстарын бірігіп басқару және суды тиімді пайдаланудың 2005 жылға арналған жоспарын әзірлеу» туралы шешім қабылдады . Бұдан кейін де бұл өзекті мәселе бірнеше рет көтерілді. Үшінші (2003 жыл) және төртінші (2006 жыл) Дүниежүзілік су форумдарында су дағдарысы ең алдымен басқару, мүдделі тараптардың әрекеттерін келіспеу және жеткілікті қаржыландырмау дағдарысы болып табылады деп айрықша атап өтілді, ал бұл болса оларды шешуде жаңа әдістерді іздестіруді қажет етеді.

Қазіргі уақытта су ресурстарын бірігіп пайдалану «Су өмір үшін» (2005-2015жж.) халықаралық онжылдық басымдылықтардың қатарына кіріп отыр. Мұндағы басты мақсат - су, жер және олармен байланысты ресурстарды дамыту және басқару үрдістерін үйлестіріп, өмірлік маңызы бар экожүйелердің тұрақтылығын бұзбай әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартуға қол жеткізу.

Бүгінгі таңда су тапшылығының өсуі, жерүсті және жерасты суларының ластануы, нормативтен артық зор су шығындары, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету проблемалары, мемлекетаралық су бөлу түйткілдері, ауа-райының өзгеруіне байланысты су ресурстарының азаю қаупі аса өткір мәселелерге айналғаны ащы шындық.

Іс жүзінде барлық су объектілерінің жерүсті суларының сапасы белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді деуге болады. Ертіс (Қытай), Іле (Қытай), Сырдария (Өзбекстан), Жайық (Ресей) сияқты негізгі трансшекаралық өзендер өте лас. Су объектілерінің негізгі ластану көзі - химия, мұнай өңдеу, машина жасау және түсті металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарының су ағызуы. Біздің еліміздің аумағына ластанған өзен сулары Қытайдың, Қырғызстанның және Өзбекстанның аумағынан келеді.

Егер су проблемаларының себептері жойылмаса, онда 2015-2020 жылдарға қарай еліміздің экономикасын, экологиялық тұрақтылығын дамытуда және халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде аса күрделі қиындықтар туындауы ықтимал.

Ауа-райының өзгеруі және шекаралық гидрологиялық қауіп мүмкіндігі қолайсыз болған жағдайда болашақта 2020 жылға қарай жалпы Қазақстан бойынша өзен ағынының ресурсы жылына 81,6 текше км дейін, соның ішінде трансшекаралық - жылына 33,2 текше км дейін, жергілікті - жылына 48,3 текше км дейін; 2030 жылға қарай - тиісінше жылына 72,4; 22,2 және 50,2 текше км азаюы әбден мүмкін.

Бұл арада су ресурстарының екінші бір көзін пайдалану жайы да ойлантады. Әдетте, табиғаттағы су айналымы барысында өзен алқаптарының жерүсті сулары аумақтың бірыңғай су әлеуетін құрап, жерасты суларымен байланысып жатады. Өзен ағыны ресурстарынан көлемі жағынан аз болғанымен, жерасты сулары жекелеген су тұтынушылары (мысалы, ауыз сумен қамтамасыз ету) үшін немесе Қазақстанның кейбір ерекше өңірлері үшін аса зор маңызға ие.

Мұның теріс жағы да бар. Гидравликалық байланыс салдарынан жерасты суларының барланған қорларын (жылына 15,44 текше км көлемінде) игеру өзен ағыны ресурстарының жылына 5 текше км дейін азаюына әкеліп соқтырады. Содан да болар, әлемдік тәжірибеде жерасты суларын тек ауызсумен қамтамасыз етуге арналған таза судың стратегиялық резерві ретінде қарау ұсынылады.

Еліміздің басшылығы осынау ғасыр проблемасына айналып отырған су тапшылығын жою мәселесін үнемі әлемдік деңгейде көтеріп келеді. Таяуда ғана Петропавл қаласында ЕҚЫҰ өкілдерінің қатысуымен жаһан халқын сумен қамтамасыз етуді жақсарту жөніндегі халықаралық конференция өткізу осы бағыттағы тағы бір қадам болды.

Алқалы кеңесте сарапшылар астықты өңірлердің су тапшылығын ең бірінші болып сезінетіндігі жайлы пікірлерін білдірді. Суы аз Есілдің тартылып қалу қаупі де болжанды. Осыған байланысты конференцияға қатысушылар Есіл су алқабын қорғаудың және оның ресуртарын қалпына келтірудің тиімді технологиясын әзірлеумен айналысатын Өңірлік су орталығын құруды ұсынды.

Әрине, Қазақстан тарапы су тапшылығының алдын алу, суды үнемдеп пайдалану мәселесінде осылайша тың бастамалар көтеріп жатыр. Тек Орталық Азияда орналасқан, суы ортақ өзге ағайындар күннен күнге күшейіп келе жатқан ғасыр проблемасына үн қосып, ауызбіршілік танытса, қолдаса, болашақ ұрпақтың алдындағы парызымыздың өтелгені болар ма еді...

Ерлан Қожакелдиев

Соңғы жаңалықтар