Орталық Азиядағы бірегей мешіт татулық пен тұрақтылыққа өз үлесін қосады деп сенемін - Назарбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада бүгін жамағатқа есігін айқара ашқан Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт Нұр-Сұлтан қаласының бас мешіті деп аталады. Бұл туралы Бас мешіттің ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін қасиетті жұма күні елордамызда еңселі мешіт ашылып отыр. Бұл елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының бас мешіті деп аталады. Тәуелсіздік дәуірінде бізді қолдаған, елімізді ел қылуға жар болған Алла Тағалаға деген құрметімізбен мен осы мешітті салуға ниет жасадым. Бұл бас қаламыз ғана емес, бүкіл еліміз, барлық мұсылман қауымы үшін маңызды оқиға», - деп атап өтті Елбасы мешіттің ашылу рәсімінде.

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары ішінде астанада талай ғимарат бой көтергенін, олардың барлығы да үздік ғимараттар екенін баса айтты

«Оның ішіндегі бұл мешіттің орны жеке дара деп санаймын. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері еліміздің әр түпкірінде көп мешіт ашылып, жамағатты риза қылғаны бәрімізге белгілі. Оларда оқылған намаздар мен дұғаларды Алла қабыл етсін. Мен Мемлекет басшысы ретінде өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қаладым. Сол сәтте менің қасымда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Аллаға жүгініп, ризашылығымызды білдіріп, болашақта халқымыздың тәуелсіздігі мен еліміздің еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік. Асыл дінімізге осынша қолдау көрсетуді әу бастан мұсылмандық міндетім, халқымның алдындағы перзенттік парызым деп білдім», - деді ол.

ҚР Тұңғыш Президенті күллі әлемдегідей біздің елімізде де мешіттердің рухани және әлеуметтік маңызы зор екендігін атап өтті. Мешіт исламның негізгі құндылықтарын насихаттап, игі ниетті қауымның басын біріктіретіндігіне тоқталды.

«Қазіргі заманда бұл мисссия ерекше маңызды әрі өзекті деп ойлаймын. Бүкіл Орталық Азия бойынша үлкен, бірегей мешіт татулық пен тұрақтылыққа өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Соңғы жаңалықтар