Орталық Азиядағы асыл қазыналы бес ел туралы не білеміз - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Орталық Азиядағы асыл қазыналы бес ел туралы не білеміз -CNR

18-19 мамыр аралығында Сиань қаласында өткен «Орталық Азия - Қытай» саммитіне Орта Азиядағы бес мемлекеттің басшылары келді. Мыңжылдық Жібек жолы шығыс пен батысты осы өңірлер арқылы басып өтетіні белгілі. Орталық Азия – «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бастау алған аймағы. Сіздер Орталық Азия туралы қаншалықты білесіздер? Әдемі табиғат көріністері, тамаша Жібек жолы мәдениеті, заманауи және сәнді қалалар, таң қалдыратын тағамдар... Келіңіз, көрікті Орталық Азияға тамаша саяхатты бірге бастайық, деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Осылай деп бастаған қытайдық БАҚ Орта Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан қатарлы бес мемлекетті оқырмандарына жеке-жеке таныстырып шыққан.

Соның ішінде Қытайлық басылым еліміз туралы бөліміне «Азия мен Еуропаны ендей өтетін ел Қазақстан» деген тақырып қойған.

Фото: mp.weixin.qq.com

Қытайлық басылым бұл мақалада, Қазақстан - мыңжылдық Жібек жолында шығыс пен батысты байланыстыратынын, биыл құрылғанына 10 жыл толған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бастау алған елі екенін айтады.

Сондай-ақ бұл жазбада, Қазақстан дегенде көптеген адамдардың ойына әйгілі әнші Димаш оралатынын тілге тиек етіледі.

Бұл ел Азия мен Еуропаны кесіп жатқан, батысында Каспий теңізімен, шығысында Қытаймен шектесетін әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет. Қазақстанның жер көлемі әлемде тоғызыншы орында. Кең байтақ Қазақстан бай және алуан түрлі табиғи ландшафттарға ие. Ұлан-байтақ Қазақстан алуан түрлі жаратылыстық байлықтары бар ел екені де айтылады.

Фото: mp.weixin.qq.com

«Қазақстанның әсем табиғатынан басқа заманауи және сәнді жағы да бар. Небәрі жиырма жылдан астам уақыт ішінде елордасы Астана шағын қаладан заманауи қалаға айналды. Астанада осы заманғы сәнді ғимараттар бірінен соң бірі бой көтерді. Әрі олардың көпшілігін әлемнің ең үздік сәулетшілері жобалаған. Солардың ішінде ең маңыздысы – «Хан Шатыр» сауда ойын сауық орталығы. Ол әлемдегі ең үлкен шатыр тәріздес ғимарат. Онда жылуды жақсы сіңіретін материалдар қолданылады. Сыртқы ауа температурасы минус 30°C болса да, іші жылы болып тұрады», деп жазады «Орталық халық радиосы».

Фото: mp.weixin.qq.com

Қытайлық басылым бұл жазбаны қазақстандықтардың ұлттық тағамдарын таныстыруымен түйіндеген.

Тілейхан Әлмәлікұлы мемлекеттік орденмен марапатталды – «Kaznews»

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх энергетика саласының 100 жылдық мерейтойына орай жарлық шығарып, бірқатар азаматтарды мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медалдармен марапаттады.

Президент жарлығы бойынша Моңғолияның Энергетикалық реттеу комитетінің бұрынғы төрағасы Тілейхан Әлмәлікұлы «Сүхбаатар» орденімен марапатталды, деп жазады «Kaznews».

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Тілейхан Әлмәлікұлы 1955 жылы Баян-Өлгий аймағында туған. 1976 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін Өндірістік жылумен қамтамасыз ету инженері мамандығы, 1989 жылы Экономикалық кешкі университетті Өндірістік экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Тілейхан Әлмәлікұлы Моңғолия парламентіне екі рет сайланған депутат.

Фото: kaznews.mn

2008-2012 жылдары Моңғолия Парламентінің Әлеуметтік саясат, білім, мәдениет, ғылым мәселелері бойынша тұрақты комитетінің бастығы болды. 1991 жылы Халық революциялық 70 жылдық медалі, 1993 жылы Энергетика саласының озат қызметкері, 2001 жылы Халық революциясының 80 жылдық медалі, 2005 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған. 2014 жылы Моңғолияның «Өнеркәсіп саласына еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған.

Қазақстан экономикасы 4 айда 5 пайызға өсті – «TRT»

Қазақстанда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысы өтіп, жиында ел экономикасының төрт айда 5 пайызға өскені айтылды, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

Фото: trt.net.tr

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-наурыз кезеңінде сыртқы сауда көлемі 13,4 пайызға өсіп, 32,7 миллиард долларға жетті.

Айта кету керек, ҚР Экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан экономикасы биылғы 4 айда өткен жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 5 пайызға өскенін мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар, министр ең жоғары өсім көрсеткен салалардың құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары екенін, сонымен қатар барлық негізгі салаларда оң динамика байқалғанын айтқан.

Иранның Гүлстан облысының экономикалық белсенділері Қазақстанда кеңесті – «Parstoday»

Иранның солтүстігіндегі Гүлстан облысының өнеркәсіп менеджерлері Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға дайын екендіктерін мәлімдеді, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, Гүлстан облысының азық-түлік және құрылыс өнімдері саласындағы жеке сектор компанияларының он екі менеджерінен құралған делегация Қазақстанның Алматы қаласына барып, өзара мүмкіндіктерімен танысты. Олар Алматы әкімдігінің инвестициялар жөніндегі вице-президентімен әңгімелесті.

Фото: parstoday.ir

Алматыдағы ИИР консулы Милад Хейрандиш те қатысқан бұл басқосуда екі ел өкілдері алдымен фильм көрсету арқылы өз елдеріндегі инвестицияның мүмкіндіктерін таныстырды.

Гүлстан облысының Қазақстандағы экономикалық делегациясының басшысы Эхсан Малек Шахкоуи Иран Пресс ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, Гүлстан облысының Қазақстанмен ерекше әріптестік қарым-қатынасы бар екенін және бұл облыста жеті мыңға жуық қазақ тұратынын айтқан.

Ташкентте Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған шара өтті - «ӨзА»

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл толуына орай Ташкент қаласындағы Өзбекстан Жазушылар одағында «Қос ұлттың қыран тұлғасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Фото: uza.uz

Аталған басылымның дерегінше, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, халық ақыны Сирожиддин Сайид ашқан салтанатты шарада, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, ҚР мемлекет қайраткері, жазушы-публицист Сауытбек Абдурахманов, қаламгердің қызы ҚР өнер қайраткері Ақтоты Райымқұлова және басқалар екі бауырлас халық арасындағы достық қарым-қатынастың соңғы жылдары одан әрі дамып, жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті.

Фото: uza.uz

Айта кетейік, көрнекті қаламгер Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келген (1978 жылдың 18 маусымында дүниеден өткен).

Өзбекстандық басылым бұл жазбаның соңында Рахметолла Райымқұловтың еңбек жолын, шығармаларын, атқарған қызметтерін таныстырған.


Соңғы жаңалықтар