«Орталық Азия таланттарды іздейді» жобасы кастинг өткізіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Central Asia's Got Talent (Орталық Азия таланттарды іздейді) шоуына іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Got Talent - британдық Саймон Коуэллдың жобасы. Бүгінге дейін бұл формат лицензия арқылы әлемнің 70 елінде жүзеге асырылған. 2014 жылдың сәуір айында Got Talent әлемдегі ең табысты телевизиялық формат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

«Хабар» телеарнасының бастамасымен Орталық Азияның талантты тұрғындарын бір алаңға жинамақпыз. Отандық арналарда бұған дейін ән, би, спорт жарыстары өткен болатын. Ал біздің байқауда кез келген дарынды адам бағын сынап көре алады. Осылайша, Орталық Азия елдері арасындағы рухани, мәдение интеграцияны дамытамыз және осы жобада танылған қарапайым адамдар 4 елде бірдей танымал болады», - деді «Хабар» агентігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.

Жобаның бас продюсері Серік Ақышевтің айтуынша, Central Asia's Got Talent шоуы «Хабар» (Қазақстан), «Zo'r TV» (Өзбекстан), КТРК (Қырғызстан) және «ТВ Сафина» (Тәжікстан) телеарналарынан көрсетіледі. Шоуға Орталық Азия мен өзге де елдердің азаматтары қатыса алады. Үміткердің жасы мен талантына еш шектеу қойылмайды.

Жобаға қатысу үшін Орталық Азия тұрғындары және шетелдіктер +7 700 600 24 24 номеріне хабарлама жібере алады немесе әлеуметтік желілердегі жобаның ресми парақшаларына, поштасына (@centralasiagottalent) хат жолдауы тиіс.

Жоба 5 кезеңнен тұрады. Іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылардың өтінімдері қабылданады және 4 елде іріктеу кезеңі жүргізіледі.

Жобаның бас жеңімпазына 10 млн теңге көлемінде жүлде тағайындалған, одан бөлек төрт елдің жеңімпазына да 3 млн теңгеден сыйақы беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2019 жылдың қыркүйек айында шоудың тұсауы кесіледі. Ал желтоқсан айында Гранд финал өтеді.

Соңғы жаңалықтар