Орталық Азия - ортақ мүдделер біріктіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері басшыларының соңғы рет қашан өзара бір үстел басына жиналып, өңірдің ортақ мәселелерін талқыға салғаны еске де түспейді. Әрине, бұл өңір басшыларының бір-біріне көзқарасы дұрыс емес дегенді білдірмейді, Елбасылар бір-бірімен аралас-құраластығын үзген жоқ. Әйтсе де Орталық Азия одағы туралы әңгіме қалай құрдымға кетсе, өңірдегі мемлекет басшыларының ортақ кездесуі туралы да мәселе біртіндеп сөне бастағандай еді. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында өңір басшыларының басқосуы қайта жанданды. Наурыз - бес ел үшін де жаңару мен жаңғырудың, ынтымақ пен ізгіліктің мерекесі. Ендеше, Ұлыс күні қарсаңындағы басқосу - жақсылықтың нышаны.

Сонымен, Астанадағы айтулы басқосуға Орталық Азияның бес елі - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшылары қатысты. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев, Сооронбай Жээнбеков, Эмомали Рахмон, Шавкат Мирзиёевтың жұмыс кездесуі қордаланған мәселелердің түйінін тарқату үшін де маңызды. Рас, Түрікменстаннан басқа да іс-шаралардың жоспарлануына байланысты мемлекет басшысының орнына Меджлис төрайымы Акджа Нурбердыева ханым келген екен. Алайда, Түрікменстан президенті көршілестер үшін мейлінше ашық екені де белгілі.
null 

Мұндай кездесуге бастаманы Өзбекстан Президенті бастама жасағаны белгілі болды. Расында, Шавкат Мирзиёев президент лауазымына кіріскен күннен бастап көршілермен жан-жақты байланысты күшейтуге барынша күш салғаны белгілі. Бір жыл бұрын Наурызда Астанаға ат басын бұрып, қазақ-өзбек қатынасындағы қордаланған біраз жайттың түйінін тарқатып кеткен болатын. Жақында ғана Тәжікстан сапарында екі ел басшылары «өзара ешқандай шешілмеген мәселеміз жоқ» деп мәлімдеме жасады. Осындай мәлімдемелер нәтижесіне орай Өзбекстан Президентінің Астанада кездесу өткізу туралы идеясын тарихи қадам деп бағаламауға болмайтын тәрізді. Бұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та атап өтті.

«Біздің ішкі мәселелерімізді шешу үшін тұрақты жұмыс кеңесін өткізу бастамасы Өзбекстан Президентіне тиесілі. Оның жеңіл қолымен біз туындаған мәселелерді оңай шеше аламыз. Кездесуіміз барлығымыз үшін ортақ көктем мерекесі - Наурызда өтуінің нысандық мәні бар. Оған қоса, бұған дейінгі кездесу 9 жыл бұрын өткен болатын. Содан бері кездескен жоқпыз. Әрине, байланыс болды. Бірақ мұндай кездесу болған емес», - деді жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев.

Әлбетте, Орталық Азия интеграциясы үшін Өзбекстан аса маңызды рөл ойнайды. Тіпті Өзбекстансыз Орталық Азия ықпалдастығын елестету де мүмкін емес. Екіншіден, Қазақстан әу бастан көршілерімен, әсіресе тарихы мен мәдениеті, дүниетанымы  ортақ Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылып келеді. Бұл тамыры мен тарихы ортақ халықтар үшін қажет. Қазақстан Президенті де мұндай кездесудің негізгі төрт басымдығы барын айтқан болатын. Олар: Біріншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуетін біріктіру осы жерде тұрып жатқан барлық халықтар үшін тиімді. Екіншіден, өңірішілік сауда мен бірін-бірі толықтырып отыратын экономика көлемінің артуы да барынша маңызды. Үшіншіден, өңірлік қауіпсіздікті нығайту - ортақ мәселе. Төртіншіден, тарихи, этникалық және мәдени тығыз байланыстар өңір халықтарын бір-бірімен жақындастырады.


Көршілердің бір-бірін қолдауы аса қажет
null 

Жұмыс кездесуін жүргізген Қазақстан Президенті соңғы кездері Орталық Азия елдерінің саяси ынтымақтастықта айтарлықтай прогресске қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Мәселен, бес елдің сыртқы саясат ведомстволары басшылары арасында бесжақты диалог жолға қойылған. Бұл ретте Елбасы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткенде Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлері жиынға қатысқанын жоғары бағалады. «Бұл өте жақсы қолдау болды және біз әр уақытта да бір-бірімізді қолдап жүруіміз қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетерлігі, өткен жылдың наурызынан бір жылдың ішінде өңірдің барлық президенттері бір-бірімен кездескен екен. Осыны айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның көршілеріне қатысты ауқымды жұмыстарды атқарғанын баса атап өтті. «Шавкат Мирзиёев қысқа ғана уақыттың ішінде соңғы 20 жылда жинақталған проблемалардың тоңын жібітті. Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековтің те үлесін атап өтпесем болмас. Ол келісімен күрмеулі мәселелер мен проблемаларды шешу үшін көршілерімен байланыстарды жандандырды. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ағымдағы жылдың маусымында Душанбеде «Су тұрақты дамыту үшін» атты халықаралық деңгейде конференция өткізу ниетін жоғары бағалаймын. Ағымдағы жылы Аралды құтқару халықаралық қорының құрылғанына 20 жыл толады. Бұл тұрғыда Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің осы жылдың тамыз айында Арал қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының мерейтойлық саммитін өткізу жоспарын қолдаймыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Президент Назарбаев ең бастысы Қазақстан барлық Орталық Азия елдерімен шекарасын демаркациялау бойынша шарттарды толығымен аяқтағанын баса айтты. «Делимитация болды. Өзбекстанмен демаркация жасалды. Қазақстанның Түрікменстанмен, Өзбекстанмен арадағы түйісу нүктесі бар. Барлығына қол қойылды. Шекарада шешілмеген ешқандай мәселе қалмады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті шекара мәселесі түбегейлі шешілмеген кезде қақтығыстар орын алып, адамдардың қаза болғанын еске салды. «Бұл өте маңызды сәт екендігін тағы да бір баса айтқым келеді. Делегация басшылары өңіріміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту процесін жеделдету қажеттігін қуаттады», - деді Елбасы.


Орталық Азияға төнер қауіп те - ортақ

null 

Өңірлік қауіпсіздік үшін мемлекеттердің алауыздығы емес, керісінше күш біріктіруі аса қажет. Бұл Орталық Азия елдері ықпалдастығының да негізгі факторы болуы шарт. Өйткені, халықаралық терроризмге қарсы күрес, Ауғанстанның тұрақтылығын қолдау -  өңірдің барлық мемлекеттері үшін ортақ мүдде.

Жұмыс кездесуінде де бес ел басшылары Орталық Азия елдерінің «ішкі проблемаларын ешкім де шешіп бермейтініне» мән берген. Сондықтан да кездесудің күн тәртібінде қауіпсіздік мәселесі қаралып отыр. «Қазір Ауғанстанда орын алып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатады. Егер мемлекеттеріміздің арнайы қызметтері тығыз ынтымақтастықта болса, онда біз лаңкестер, есірткі тасымалы, діни исламшылар және басқалары туралы бәрін білетін боламыз. Яғни, терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару-жарақ саудасы, ұйымдасқан қылмыс - мұның барлығының жолын кесу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл бағытта нақты шаралар да қамтылады. Мәселен, осы мақсатта наурыз айының соңында Өзбекстанда жоғары деңгейдегі конференция өткізу жоспарланған. Негізінен қауіпсіздік мәселесімен ҰҚШҰ аясында да айналысатын болады.

«Сирияда жеңіліс тапқан ДАИШ қазіргі уақытта «ұйқыдағы» ұйымдар құрып жатқаны белгілі. Ал ол жақтағы соғысқа біздің барлық елдеріміздің азаматтары қатысты. Енді олар оралып жатыр. Бізге бұл істе барынша қырағы болу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Сауда саласы да жандануы тиіс
null 

Орталық Азия мемлекеттерін сауда-саттық, экономика саласы да қызықтырады. Бұнда да шешімі табылмаған мәселелер баршылық. Мәселен, көршілес елдердің арасындағы өзара сауда байланыстарының деңгейі төмен. Сондықтан да, кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастыққа назар аударылған. «Біздің өңір өте қарқынды дамып келеді және біз әлемде бар трендтерге қарай отырып, елдерді индустрияландыру, цифрландыру бойынша жұмыс істеуіміз  және технологиялық дамудан қалып қоймауымыз керек. БҰҰ мәліметінше, соңғы  10 жылда біздің елдеріміздің орташа ЖІӨ өсімі 6,2 пайыз болса, бүкіл әлем 2,6 пайыз қарқынмен дамыды. Бұл аталған мемлекеттер бірге орташа әлемдік көрсеткіштен екі еседен астам қарқынмен дамыды деген сөз. Тауар айналымының да күрт өсімі байқалады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мәліметке қарағанда, Орталық Азия елдерінің өзара тауар айналымы 10 жылдың ішінде 2 есе өсіп, 1,6 млрд доллардан 3,1 млрд долларға жеткен. Бұл өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде. Алайда сауда қарқыны көңіл көншітетін деңгейде емес. Бұл үшін не істеледі? Ең бірінші кезекте, елдер арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту көзделеді. Әйтпесе, көршілестер бір-бірінде бар тауарларды басқа жақтан алып отыр. Бұны Президент Назарбаев та мысалға алды.

«Мәселен Тәжікстан ГЭС салуға қажетті металлды басқа жақтан алады. бізде, Қарағанды металлургия комбинатында сол арматура қанша керек болса, сонша шығара алады, ал олар Еуропадан тасуда. Жеміс-жидек пен көкөністі көрші елдерден алуға болады. Ал біз болсақ, құлпынайды Израильден тасып отырмыз. Бұл қарапайым мәселе емес, осы сауданың басында отырған шенеуніктерімізді өзгертуіміз қажет. Оларға өздеріне белгілі достарымен қасында тұрғанды алғаннан гөрі басқа жақтан әкелген тиімді болып отыр. Біз бұл жайында сөйлестік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


ОА басшылары: Наурыз бізді біріктіреді
null 

Наурыздың символдық мәніне маңыз берген өңір басшылары алдағы уақытта дәл осындай ұлық мереке қарсаңында кездесуді дәстүрге айналдырмақ. Мәселен, келесі кездесу 2019 жылы, Наурыз қарсаңында Ташкентте өтеді. Бұндай басқосулар ынтымақтастықты арттырып, байланысты да дамытады. Ол үшін не істеледі?

«Кеңес заманында аталған байланыс тұралап қалған болатын. Оны қайта қалпына келтіру қажет. Орталық Азия елдері мәдениетінің фестивалін, жастар кездесуін, спорттық кездесулерді,  студенттер алмасуын, өңірдегі туризмді дамыту қажет. Осы жиында бұл мәселелердің барлығын талқыладық және нақты жұмыс болады деп сенемін», - деді ҚР Президенті.

Айтпақшы Президенттер Наурыз мерекесіне бірлескен мәлімдеме де қабылдады. Онда: «Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл - ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет» делінген.

Сондай-ақ, мәлімдемеде Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда адами және отбасылық қарым-қатынастардың, достық пен тату көршілік байланыстардың нығаюымен, көршілер арасындағы ерекше қонақжайлылықтың көрініс табуымен қатар келгені айтылады. Бұл ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тұрмыс арқылы біріккен елдеріміз үшін қазір де маңызды. 

«Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар. Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өңірлік транзит-көлік инфрақұрылымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу салаларын дамыту, озық технологиялар мен инновацияларды қолдану, цифрлық экономика жолындағы ілгерілеу Орталық Азия елдері әл-ауқатының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді» делінген мәлімдемеде.

Президенттер халықтардың арасындағы өзара құрмет, достық пен бауырластық қатынастарды сақтауға және нығайтуға деген тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, туризм және спорт салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге шақырады.

«Көктемгі күн мен түннің теңелуі, рухани тазару мен жаңару мерекесінің қарсаңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан халықтарына, сондай-ақ жер бетіндегі барша халықтарға бейбітшілік, молшылық және қуаныш тілеп, өсіп-өркендеулеріне ниеттестігімізді білдіреміз. Наурыз мейрамы әр үйге амандық пен бақ-береке әкелсін!» делінген мәлімдемеде.

Соңғы жаңалықтар