Орталық Азия омбудсмендері өңірлік ынтымақтастық тұғырнамасын құруды қолдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары және БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдіктері бірлесіп Өңірлік кеңес өткізді. Жиын «Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің қолдауы бойынша Орталық Азия бастамасы» жобасы аясында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңестер барысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның омбудсмендері және халықаралық сарапшылар адам құқықтары саласындағы өңірлік ынтымақтастыққа қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында құқық қорғау салаларының басым бағыттары белгіленді.

Күн тәртібінде жаһандық сипатқа ие болған әскери қақтығыстарды, адам құқықтарын жаппай бұзуды, босқындар ағынын тудыратын терроризм мен экстремизмнің алдын алудағы ынтымақтастық мәселесі қаралды.

Тоқтала кететін жайт, «Astana club» сарапшыларының жақында өткен отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы құбылыстарға толыққанды баға берген болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, кедейлік, білім беру мен денсаулық сақтаудың төмен деңгейі, сондай-ақ елдердің даму деңгейі арасындағы кереғарлық халықаралық лаңкестік пен экстремизм үшін «құнарлы орта» болып отыр.

Осыған байланысты ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасау және мемлекеттілік негіздерін нығайту, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жолымен экстремизмнің алдын алу бойынша қабылданатын шаралар туралы баяндады.

Қазақстанның экстремистік және радикалды қауіп-қатерлерге ұшыраудың төмен дәрежесін ескере отырып, Омбудсмен радикалды көріністердің алдын алу бойынша, соның ішінде көші-қон саясатын нығайту жолымен пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Халықаралық құқық қорғау тәжірибесін талқылау барысында, институционалдық дамудағы тәжірибе алмасу және адам құқықтары мәселелеріндегі ортақ ұстанымдарды қалыптастыру туралы сөз болды. Сонымен қатар, зорлық-зомбылық пен экстремизмнің, кемсітушіліктің алдын алу саласындағы бірлескен «жол картасын» қабылдау туралы ортақ пікір айтылды.

Орталық Азия елдерінің омбудсмендері, БҰҰ конвенциялық органдарының ұсынымдарына сай келетін, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетудегі, өңірлік ынтымақтастық тұғырнамасын құруды қолдайтындықтарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар