Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының болашағы зор – Президент

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы Қазақстанның ЕО елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының болашағы шын мәнінде кең көлемді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еуропалық инвестициялар ағыны 23%-ға артып, 12,5 миллиард долларды құрады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, 30 жыл ішінде Қазақстанға тартылған 350 миллиард долларлық тікелей шетелдік инвестициялардың жартысына жуығы Еуропадан келген.

«Еуропалық Одақ - Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып отыр, біздің сыртқы саудамыздың 40%-дан астамы оның үлесіне тиесілі. Өткен жылы Қазақстанның ЕО елдерімен өзара тауар айналымы көлемі 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндігіміз бар деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласына жұмыс сапарымен барды.


Соңғы жаңалықтар