Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы $49 млрд құрады – Әлихан Смайылов

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Үкіметі Еуропалық одақпен ынтымақтастықты екі жақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан «Еуропалық одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Форумның Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс өтіп жатқаны ерекше маңызға ие. Астана мен Брюссель арасындағы тиімді серіктестік қатынастар көп жылғы прагматикалық және дәйекті ықпалдастықтың нәтижесі болып табылады. Өңір елдерінің ортақ күш-жігері арқасында бүгінде Орталық Азия белсенді дамып келе жатқан үлкен мүмкіндіктер аймағы болып табылады. Елдеріміз бір-бірін үйлесімді түрде толықтырады. Ал басты тірегі сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық болып қала береді.

Біз Еуропалық одақпен ынтымақтастықтың екі жақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдаймыз», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының сөзінше, өткен жылы Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 61% артып, 49 млрд долларды құрады.

«Экономикалық әлеуетіміздің толық ашылуына қарай біз еуропалық серіктестерімізбен бірлесіп, бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыра алатынымызға сенімдіміз. Ол үшін бізде белсенді пайдалануды және ілгерілетуді қажет ететін елеулі резервтер бар», - деді ҚР Премьер-Министрі.


Соңғы жаңалықтар