«Орталық Азия – Қытай» форумы өтетін Сиань қаласы несімен ерекше – фоторепортаж

Фото: Фото: Xinhua
СИАНЬ. ҚазАқпарат – 18-19 мамырға жоспарланған «Орталы Азия – Қытай» форумы Қытай Халық Республикасының солтүстік-батысындағы Шеньси провинциясының Сиань қаласында өтеді. ҚазАқпарат осынау көне қаланың форумға қалай дайындалып жатқаны туралы фоторепортаж ұсынады.

Сиань – тарихы бай, көрікті жерлері көп қала. Тарихы тіпті 3 мың жылға жетеді. Бұл жерден бағзы заман ескерткіштерін де, заманауи сәулет нысандарын да көруге болады. Сианьдағы көне қытай дуалы бүтін күйінде сақталған. Даяньта атымен танымал буддизм пұтханасы және Цинь Шихуанди императордың терракот сарбаздар мавзолойінің музейі де осында.


Цинь Шихуанди императордың терракот сарбаздар мавзолейінің музейі.

Дүниенің түкпір-түкпірінен турист тартатын тарихи орын 1987 жылы UNESCO-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.

Бүгінде Сиань қаласы – Шеньси провинциясының әкімшілік орталығы, халқының саны 13 миллионға таяу. Мегаполис маңызды өнеркәсіп базасы болып есептеледі. 2022 жылы қаланың жалпы ішкі өнімі 1148,65 млрд юань (160 811 млрд доллар) болған. Бұл жерден Қытай-Еуропа бағытындағы «Чанъань» теміржол экспресі жүреді. 2022 жылы қаланың сыртқы сауда айналымы 447,41 млрд юань (62, 6 млрд долар) болған.


Көне Сань дуалының «Юннин» қақпасы. Дуал 1370 жылдары, Мин әулеті билікте болған кезде салынған. Нысанның пішіні тұйықталған тіктөртбұрыш кейпінде кескінделген. Ұзындығы – 12 шақырым, ені 15 метр болады.

Фото: Xinhua

Сиань қаласындағы көне дуалдың шығыс бұрышы.


Сиань қаласының орталығындағы қоңыраулы мұнара. Бұл нысан да Мин әулеті билікте тұрған кезде, 1384 жылы салынған. Қытайдағы ең бір жақсы сақталған қоңыраулы мұнаралардың бірі болып есептеледі. Үш қабатты мұнараның биіктігі – 36 метр.


Даяньта пұтханасы да қаладағы тарихи орындардың бірі. Нысан 652 жылы, Таң әулеті билікте болған кезде буддизмнің киелі жазбаларын сақтау үшін салынған. Жеті қабатты ғимараттың біиктігі – 64 метр.


Хуэйминьцзе көшесі де – туристер арасында танымал орынның бірі. Мұндай қоғамдық тамақтану орындарын көптеп кездестіруге болады. Қытай мегаполисінің мәдени өмірінен сыр шертетін сауда дүңгіршектері өте көп.


Хуэйминьцзе көшесінде кешке қарай адам қарасы молая түседі. Сырлы саз бен түрлі тағамның исі туристерді өзіне тартады. Осының бәрі шығыс базарын еске салады.


Бұл күндері Сианьде аптап ыстық. Ауа температурасы 30 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан, өмір кешке қарай қайнайды.

Сианьдегі «Сяньян» халықаралық әуежайы – Қытайдың солтүстік-батысындағы ірі әуе хабы. Әуежай 2025 жылы кеңейтілген соң жолаушылар ағыны 83 млн адамға, жүк ағыны 1 млн тоннаға жетпек.


«Орталық Азия – Қытай» саммитінің басталуына санаулы күн қалды. Қаланың туристер көп баратын көрікті орындары мен форум өтетін ауданында шараның ұрандары жазылған жарықдиодты бейнероликтер мен баннерлер көзге жиі ұшырайды.

«Орталық Азия – Қытай» форумына келетін 100-ден астам БАҚ өкіліне шақталған баспасөз орталығы осылай безендірілген.

Еске салсақ, «Орталық Азия – Қытай» форумын өткізу бастамасын Қытай тарапы көтерген. Мұндай форматтағы әріптестіктің басты мақсаты – саяси-дипломатиялық өзара іс-қимылдың тетіктерін жетілдіріп, сауда, инвестиция, ғылым және технология, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет саласындағы әріптестік нығайту.



Соңғы жаңалықтар