Орталық Азия ғаламдық ауқымдағы аймаққа айналып келеді – Мемлекет басшысы

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында Орталық Азия аймағының рөлі мен әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ондаған жылдар бойы Орталық Азия мемлекеттері экономикалық байланысының әлсіз болуы олардың тұрақты өсуіне кедергі келтірді. Бүгінгі таңда ортақ мүдделер мен мәселелер туындаған соң аймақ дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осыған байланысты аймақтағы барлық 5 ел арасындағы конструктивті саяси диалог сауда-экономикалық, инвестициялық қатынастар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін өте маңызды болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткен жылы ел астанасында өткен бейресми келіссөздің бірінші кезеңінен кейін аймақта жаңа мүмкіндіктер пайда болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің айтуынша, Орталық Азия жаһандық ауқымдағы аймаққа айналуда. Мемлекет басшысы аймақ елдерін ортақ мәдени мұра, сонымен қатар ортақ болашақ біріктіретінін айтты. Ол Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика бола отырып, барлық мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Президент Ауғанстандағы жағдай бүкіл аймаққа тікелей әсер ететінін айтты. Ол бейбітшілік процесі ауғандықтардың басшылығымен және тікелей қатысуымен, сондай-ақ барлық негізгі мүдделі тараптардың қолдауымен осы елде тұрақты бейбітшілік пен гүлдену орнауына әкелетініне үміт білдірді.

«Қазақстан ауған халқына мемлекетті қалпына келтіруге қолдау көрсете береді. Жаһандық және аймақтық сенімді серіктестік, ұзақ мерзімді инвестиция және аймақтық интеграциялық процестер – мұның бәрі осы елдің бейбіт болашағы үшін өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар