Орталық Азия елдерінің президенттері Арал проблемасын талқылайды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - 2018 жылы Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Арал теңізі проблемасын талқыға салады. Бұл туралы бүгін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме жасау барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Ташкенттен.

«Біз барлығымыз үшін өте күрделі су проблемасын тыңғылықты талқыладық. Екі бауырлас халық екі үлкен өзен бойында өмір сүруде және дәл осылай барлық уақытта өмір сүрдік, одан ары да өмір сүре беретін боламыз. Бұл мәселеде ілгерілеушілікке қол жеткіздік деп санаймыз. Аталған мәселе Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін бірегей маңызға ие. Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстар өңірдің барлық халқы үшін байлық және игілік  болып саналуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ондаған миллион адамның тағдыры суды тиімді, ақылға сыйымды пайдаланумен байланысты екендігін баса айтты.

«Бұл өте маңызды және біз көршілеріміз Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстанға әрбір мемлекеттің мүддесін өзара тиімді сақтап, бұл мәселені ақылдаса отырып шешуге шақырамыз.  Ол достық пен сенімді нығайтып, барлығымыздың игілігіміз үшін жұмыс істейтін болады. Бізде Арал теңізі төңірегенде проблема бар және келесі жылы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылғанына 25 жыл толады. Қазіргі  уақытта ол аталған проблеманы шешудегі жалғыз мемлекетаралық тетік саналады. Осыған байланысты біз қор қызметін жандандыру қажеттігі туралы ұстанымыз бір екендігін растадық. Атап айтқанда, келер жылы біз жоғары деңгейдегі кездеу өткізуге ниеттіміз. Бүгінгі күні бұл қорға Түрікменстан тарапы төралық етеді», - деді Қазақстан Президенті.

фото:namtaru.ru

Соңғы жаңалықтар