Орталық Азия елдері өз нарықтарын белсенді қорғауда - Райымбек Баталов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өтіп жатқан IV Орта Азия сауда форумында Орталық Азия елдерімен сауда байланысын нығайту мәселелері сөз болды.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің көпшілігі сауда протекционизмі - ұлттық экономиканы шетелдік бәсекеден қорғау жолымен оның дамуына жәрдемдесетін экономикалық саясатты қолданып отыр.

Форум кеңесінің төрағасы Райымбек Баталовтың пікірінше, Орталық Азия аймағына өзара тиімді сауда жасау туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.

«Біз Орталық Азия елдерінің өз нарықтарын қорғап, қосымша кедергілер жасап отырғанын көріп отырмыз. Мәселен, шартты түрде айтсақ, Өзбекстаннан келетін импортқа бізде 15 пайыз салық болса, біздің тауарлар Өзбекстанда 100 пайыздық салыққа кезігеді. Мұндай әділетсіздіктер аз емес», - деді Р.Баталов.

Сондай-ақ, оның пікірінше, өзге елдермен сауданың жақсы дамуы үшін көліктік инфрақұрылымды барынша дамыту керек.

«Экспорт проблемалары логистикалық проблемалармен тікелей байланысты. Мысалы, біздің компания тек шырынды сусындарды Тәжікстанға темір жол арқылы жеткізу үшін 1 вагонға 9 мың доллар төлейді. Бұл тым қымбат»,- деді Р.Баталов.

Сонымен қатар, форумда Орталық Азия елдерінің 400 өкілі қатысып отырған форумда аймақтағы елдердің арасындағы өзара байланыс пен көліктік дәліздің дамуы туралы да кеңінен талқыланды.

Соңғы жаңалықтар