Орталық Азия елдері мен Қытай басшыларының кездесуі тарихи сипатқа ие – сарапшы

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Бішкекте қырғызстандық сарапшылардың қатысуымен Қытайдың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланған кездесу өтті. Аталған шара 18-19 мамырда Сиань қаласында өтетін «Қытай - Орталық Азия» саммитіне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қырғызстандық белгілі саясаттанушы Бақыт Бакетаев өз баяндамасында әлем елдері бүгінде Шығысқа бет бұрып, Қытай саясатын зерделеп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, қазір «5+1» форматындағы кездесулерді өткізетін шақ туды.

«Орталық Азиядағы бес мемлекетінің бірігуі Қытаймен өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы саяси-экономикалық, мәдени және басқа да салалардың интеграциясына тың серпін беруі ықтимал», - деп пікір білдірді саясаттанушы.

Аталған тақырыпты талқылау барысында сарапшы Эдил Марлисуулу Орталық Азияның екі ірі экономикасы саналатын Қазақстан мен Өзбекстанға ерекше тоқталды. Ол Қытаймен тиімді ынтымақтастық орнатуда үлкен үлес қосып келе жатқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің жүйелі саясатын, маңызды рөлін атап өтті.

Ал саясаттанушы Марс Сариевтің пікірінше, Сиань қаласында өтетін Орталық Азия елдері және Қытай басшыларының кездесуі тарихи сипатқа ие болады және ол бүтін әлемде саяси картинаның өзгергенін айғақтамақ.

«Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастығының жаңа форматы даму үрдісіне бет алғанын қалаймын», - деді сарапшы Марс Сариев.

Өз кезегінде қырғызстандық саясаттанушы Денис Бердаков «Қытай – Орталық Азия» форматы өңірдегі барлық елдердің бірігуіне мүмкіндік туғызады деп пікір қосты. Айтуынша, кездесу форматы №2 Ұлы Жібек жолын құру бойынша екінші қадам болып отыр.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17-19 мамырда Қытайға мемлекеттік сапармен барады.


Соңғы жаңалықтар