Орталық Азия басшыларының Консультативтік кездесуінен не күтеміз – өзбек сарапшысы айтып берді
2019 жылғы 28 қараша 08:52

Орталық Азия басшыларының Консультативтік кездесуінен не күтеміз – өзбек сарапшысы айтып берді

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Орталық Азия басшыларының Консультативтік кездесуінен не күтуге болатынын «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісіне «Білім керуені» мемлекеттік емес ғылыми-білім беру мекемесінің басшысы Фархад Талипов айтып берді.

«Көпжылдық үзілістен кейін былтыр Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Нұр-Сұлтанда алғашқы Консультативтік кездесуде бас қосты. Осының өзі маңызы зор оқиға болды. Өйткені 2005-206 жылдардан бері өңірдегі интеграциялық процестер тоқтап қалған еді. Дегенмен бұл кездесу кеңесу сипатына ие, ол қордаланған өңірлік мәселелер жайлы пікір алмасуға және ортақ диалог құруға қызмет етеді», - дейді Ф. Талипов.

Сарапшы Орталық Азия диалогын институтқа айналдыру процесін бастау, яғни консультативтік кездесулер форматынан толыққанды ресми саммиттерге көшу қажеттігін айтты.

«Консультативтік кездесулер дамуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия елдерінің басшылары 2005 жылы тоқтап қалған Орталық Азия ынтымақтастығының қызметін жандандыру мәселесін қозғағаны жөн болушы еді. Меніңше, мұндай құрылымды жандандырудың өңірдегі барлық ел үшін стратегиялық маңызы зор», - деді сарапшы.

Еске сала кетейік, Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы Консультативтік кездесуі 2018 жылдың наурызында Нұр-Сұлтан қаласында өткен. Екінші кездесу 29 қараша күні Ташкентте өтеді.

Авторы Мирас Қуандыков

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT