Орта жүзден шыққан сұлтандар мен батырлар туралы кітап жарық көрді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты «Орта жүзден шыққан сұлтандар мен батырлар (XVIII ғасырдың екінші жартысы)» атты жаңа басылымды таныстырды. Кітап қазақ тарихының бұрын белгісіз беттерін ашып, жуырда ғана «құпия» грифі алынған архив материалдарын қамтиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Казахстанская правда» газетіне сілтеме жасап.

«Орта жүзден шыққан сұлтандар мен батырлар (XVIII ғасырдың екінші жартысы)» жинағына қазақстандық ғалымдар зерттеген Орынбор мемлекеттік архивінен және Омбы облысының Тарих архивінен табылған құжаттар енген. Кітап «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жарық көрді.

«Қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты материалдардың басым бөлігі Ресейдің архивтерінде сақтаулы. Олардың кейбіріне бізді кіргізбеді. Өйткені олардан небәрі 3-4 жыл бұрын ғана «құпия» грифі алынған болатын. Ресейдің архивтері халқымыздың тарихы үшін аса маңызды дереккөздерді алғаш рет ұсынып отыр. Нәтижесінде, бұған дейін қалың жұртшылыққа белгісіз болып келген тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізе алдық», - дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов.

Айта кетсек, «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында осы іспетті бірқатар ғылыми жинақтар жарық көрген болатын. Дегенмен, Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанның XVIII ғасырдың 50-80 жылдарындағы тарихына арналған архивтік материалдар жинағы жоқ еді. Жаңа кітап 1752 жылдан 1788 жылға дейінгі құжаттарды қамтиды және сонысымен де ерекше құнды.

Қалың оқырманға жол тартқан архивтік материалдардың біршамасы Орта жүздің сұлтаны, Абылайханның ағайыны әрі досы Сұлтанмәметтің өмірі мен қызметінен сыр шертеді. Бұдан тыс, Сұлтанмәмет жақын араласқан өзге де сұлтандар мен батырлар туралы да сөз болады, Абылайханның тұлғасын аша түсетін деректер келтіріледі.

Жалпы, кітапқа 373 құжат енген, дереккөздердің көпшілігі алғаш рет жарияланып отыр.

Соңғы жаңалықтар