Өрт жанармай бекеттеріндегі саудаға кедергі келтірмейді - Павлодар МӨЗ

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ндағы өрттен кейін құбыр желісіндегі жарамсыз болып қалған тұстарын алмастыру бойынша дәнекерлеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Оқиға республикадағы жанармай құю бекеттеріндегі сатылымға кедергі келтірмейді,  - деп мәлім етті «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ның Қоғаммен байланыс бөлімі. - Кәсіпорында құбыр желісін жөндеу жұмыстары қолға алынды, құбыр желісінің жарамсыз болып қалған тұстарын алмастыру бойынша дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. Гидравликалық сынақ жүргізілді, кейін бастапқы мұнай өндіру басталады».

Айта кетерлігі, оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

«Сегізінші ақпаннан бастап технологиялық режімде бастапқы мұнайды қайта өндіру қондырғысы іске қосылады. Одан кейін мұнайды тереңдетіп қайта өңдеу кешені жұмысын бастайды. 11 ақпаннан бастап зауыттағы барлық қондырғылар қалыпты технологиялық режімде жұмыс істейді деп жоспарланып отыр», - деп мәлім етті мұнай-химия зауытының баспасөз қызметі.

Павлодарлық кәсіпорындағы мұнай өнімдерді кәсіпорындағы қорлардан тиеп жатыр. Зауыттың дерегі бойынша, Атырау мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, 3 ақпан күні, сағат 13.33-те Павлодар мұнай-химия зауытында ЛК-6У бастапқы мұнайды қайта өңдеу қондырғысының құбыр желісі жанып кеткен. Қондырғы жедел түрде тоқтатылды. «Өрт сөндiрушi» АҚ-ның күшімен өрт сағат 14.13-те сөндірілді. 

Соңғы жаңалықтар