Өрт сөндіруші көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  – Оралда ер адам көпірден секірмек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жәдігер Құсайыновтың айтуынша, оқиға 10 қараша күні сағат 04.00 шамасында болды. Ер адамды №7 қалалық өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау сержанты Дияс Демешев құтқарып қалды. Ол сол уақытта әйелімен және достарымен бірге таксимен үйге қайтып келе жатқан. Депо көпірі тұсында Дияс пен жүргізуші көпір қоршауының арғы бетіне жартылай өтіп алған жас адамды байқаған.

Машинаны тоқтатуды өтінген өрт сөндіруші жүгіріп барып қоршаудан өтіп, секіргелі тұрған ер адамды кейін тартып алады. Кейін «102» телефонына қоңырау шалып, полицияға болған жайды хабарлайды. Жедел жәрдем көлігі де келіп жетеді.

«Диястың таныстары екі тәулік өткеннен кейін хабарламаса, бұл оқиға жөнінде ешкім білмес еді. Біздің қызметкердің жедел де сауатты әрекеті арқасында бір адам аман қалды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ж.Құсайынов.

Соңғы жаңалықтар