Өрт сөндіруші болуды бала кезден армандадым - Арайлым Қажытаева

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Арайлым Қажытаеваның есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс. Бурабай ауданының Щучье қаласында туып, өскен спорт шеберінің талабы таудай, арманы асқақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы кездері халықаралық дүбірлі додаларда спортшы қыздарымыз тепсе темір үзетін жігіттерімізден қалыспай, еліміздің абыройын асқақтатып, даңқын асырып келеді.

Сондай аруларымыздың бірі – есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс, таеквондода Қазақстан Республикасының спорт шебері Арайлым Қажытаева дер едік.

Бүгінгі таңда ол Көкшетау қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы болып қызмет істеп жүр.

Өрт сөндіруші-құтқарушы - ең қауіпті және ауыр мамандықтардың бірі саналады және де оны көбіне ер адамдар таңдайды.

Жылжымалы үш сатылы баспалдақпен биіктікке көтеріліп, аппаратта және ауыр жабдықта қалың түтінмен қозғалу, физикалық жағынан дамыған, әртүрлі жағдайларда тез және сауатты әрекет ете білу, бірақ ең қиыны - біреудің өмірін сақтап қалу үшін, өз өміріңізді қатерге тігуге дайын болу қажет.

Осының барлығы қаршадай қыз Арайлымның бойынан табылып отыр.

Жұмысының ауырлығына қарамастан, ол иық тірестіріп жүрген әріптестерінің алды болуда.

Ол бала кезінен өрт сөндіруші киімін киіп, төтенше жағдайлар саласында қызмет істеуді армандапты. Арманы оны адастырмай, осы мамандыққа алып келген.

«Республикалық спорт мектебін бітірген соң Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «заң ғылымдарының магистрі» бағыты бойынша оқыдым. 2020 жылы Ақмола облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне жұмысқа орналастым. Қазақстан Республикасы ТЖМ Көкшетау техникалық институтының аймақтық оқу орталығында өрт сөндіруші-құтқарушылардың алғашқы дайындығынан өттім», - дейді ол.


Сонымен қатар, ол 2018 жылы WT таеквондодан Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Спорттағы мансабын 2010 жылы бастады.

Спортшының бүгінгі жетістігі бірден және кездейсоқ самғау арқылы емес, сатылап өсумен және көп тер төге отырып жаттығудың арқасында келді.

Ол бұл табысқа жетуде өзінің бапкері Ержан Урмановтың сіңірген еңбегінің зор екенін айтады.

2 021 жылғы 4-12 наурыз аралығында Талдықорған қаласында өтетін «WT» таеквондодан Қазақстан Республикасының Чемпионатында шеберлік сынап көруді жоспарлап отыр.

«Менің мақсатым - әрдайым жетілу және азаматтық қорғау органдарында лайықты қызмет атқару, алдағы уақытта осы бағытта жоғары оқу орнына «Тіршілік қауіпсіздігі негізі» мамандығы бойынша оқуға түсу және мансап сатысымен жоғары жетістіктерге жету» - деп ойымен бөлісті Арайлым Қажытаева.


Соңғы жаңалықтар