Өрт қауіпсіздігі: Жаңа жол картасы әзірленіп, газ-техникалық инспекциялар құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жылу беру жүйесі қосылғалы жеке секторда және басқа да нысандарда өрт қаупі жағдайы артатыны белгілі. Бұған көп жағдайда тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын орындамай, жабдықтардың орнатылуына салғырт қарауы себеп болып жатады. Бүгін өткен Үкімет отырысында жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин осы салаға қатысты есеп берді.

Ведомство мәліметінше, елдегі болған алатын төтенше жағдайлардың 92 пайызы өртке қатысты.

«Жылу беру кезеңінде жағдай ушығып кетеді. Пандемияны ескере отырып, биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ерте басталды. Қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1 300-ден астам өрт оқиғасы болды», - деді министр.

Өрт жағдайының өсуі себептері қауіпсіздік талаптарын орындамау салдарынан, яғни тұрмыстық құрылғы мен пешті пайдалану кезінде орын алып отыр.

«Былтырғы тәжірибенің негізінде тұрғын үй секторында жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Жылу беру маусымы басталғанға дейін 15 тамыздан бастап тиісті шаралар атқарылды. Осы орайда халық арасындағы әлеуметтік осал топтардағы 118 мыңнан астам тұрғын үйі есепке алынды. Өңірлік әкімдіктер, ішкі істер органдары, әлеуметтік қамту, білім беру және денсаулық сақтау өкілдерімен бірлесіп 87 мыңнан астам үйді (74 пайызы) аралап тексеру жүргізілді. Оның ішінде 9 пайызға жуығы (10 мыңнан астам үй) өрт қауіпсіздігі қағидасын бұза отырып пайдаланылуда, олар жергілікті атқарушы орган бақылауына алынды», - деді Ю. Ильин.

Белгілі болғандай, жылыту маусымына дайындықты ескере отырып, 417 жылу энергиясымен қамтамасыз ету және 4 322 білім беру нысанына тексеру жүргізілді. Оның ішінде 47 жылу-электр орталығы және 565 оқу орны ереже бұзу жағдайында пайдаланылуда. Осы орайда ол тиісті ақпарат уәкілетті органдар мен әкімдіктерге жолданған.

«Пандемияға байланысты денсаулық сақтау нысандары ерекше бақылауға алынды, 1 409 нысан есепте тұр. Қараша айының соңына дейін тексеру шаралары бойынша ақпарат Үкіметке ұсынылады», - деді Юрий Ильин.


Жалпы сипаттағы жүйелі проблемалар

Қазіргі кезде өрт сөндіру бөлімдерінің елді мекендерден қашықта орналасуы проблемаға айналған. Қысқы кезеңде жеке тұрғын үйде өрттің шығу қауіп-қатері артады, ауа райы жағдайлары (көктайғақ, жолды қар басу, боран және т.б.) күрделенеді, бұл өрт сөндіру топтарының келуі уақытына әсер етеді.

Ведомство ақпаратына қарағанда, өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптарға әйкес, бірінші өрт бөлімшесінің шақыру орнына келуінің нормативтік уақыты қалаларда - 10 минутты, ауылдық жерлерде - 20 минутты құрайды. Бұл ретте қазіргі кезде қалаларда аталған іс-қимылдар уақыты шамамен 11 минутты, ауылдық аудандарда 30 минут және одан да көп уақытты қамтып тұр. Республика бойынша ТЖМ-нің 413 өрт сөндіру бөлімі бар. Олар жыл сайын орта есеппен өрт шарпыған нысандардағы 40 мыңға жуық шақыртуға барады. Өрт сөндіру топтарының уақтылы келуін қамтамасыз ету үшін 122 өрт сөндіру депосы қажет.

«Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, біздің бөлімшелеріміз жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру арқылы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Үш жылда 153 бекет жасақталды. Қазіргі кезде еліміз бойынша барлығы 396 бекет қызмет етуде, бұл жалпы халық саны бір миллионнан (1,2 млн) астам 1 200 (1 189) ауыл мен кенттің қорғалуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, соңғы үш жылда жоспарлы көрсеткіштер 60 пайыздан аспайды. Өңірлердің әкімдеріне өрт сөндіру бекеттерінің тиімді географиялық орналасуын ескере отырып, оларды құруды қамтамасыз ету талап етіледі», - деді Ю. Ильин.

Бұдан бөлек, еліміз бойынша 15 мыңнан астам өрт гидранты жарамсыз күйде тұр. Биыл әкімдіктер екі мыңнан астамын (2 689) жөндеді. Алайда жыл сайын сумен жабдықтау жүйесінің тозуына байланысты шамамен бір мыңы есептен шығады.

Мамандардың атап өтуінше, құрылыс барысында нысандар арасындағы белгіленген алшақтық сақталмайды, өрт техникасының өтуі үшін кіреберістер ескерілмейді. Көбінесе құрылыс кезінде жобалардан ауытқуға жол беріледі, нәтижесінде нысандар өзгертілмейтін кемшіліктермен пайдаланылады.

«Жалпы республика бойынша өрескел ереже бұзу жағдайында 263 ірі нысан пайдаланылуда. Лицензиядан айыруға дейін тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат уәкілетті органға жолданды. Биылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп жобалау сатысында нормаларды сақтау мәселесі шешілді, өрт қауіпсіздігі бойынша сарапшылар енгізілді. Сонымен қатар, құрылыс кезінде техникалық және авторлық қадағалау қызметіне бақылауды күшейту қажет», - деді Ю. Ильин.

Сөз соңында министр өңірлерде өрт сөндіру техникасын жаңартуды сұрады. Елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі ТЖМ бөлімшелерінің техникалық әзірлігіне байланысты екені анық. 2018-2020 жылдарға арналған тиісті жол картасын іске асыру жарақтандыру деңгейін 40-тан 52 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

«Қол жеткізілген көрсеткіштерге қарамастан, жыл сайынғы есептен шығаруға жататын ескі өрт техникасы паркін жаңарту талап етіледі. Осыған байланысты, Қаржы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, алдағы үш жылғы кезеңге (2021-2023 жылдар) арналған жол картасын әзірлеу жүргізілуде», - деді ведомство басшысы.

Тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіледі

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі шараларына қатысты тапсырмалар берді.

«Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің алдын алу, күштер мен құралдардың өртті жедел сөндіруге дайындығы мәселесін нақты үйлестіруді қамтамасыз етсін. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықты анықтау және әсіресе, тұрғын үйлер мен коғамдық жерлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау бойынша жұмысты жалғастыру керек. Ішкі істер министрлігімен тұрғын үй секторында тиісті рейдтер жүргізсін», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, әкімдіктерге әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді.

«Әлеуметтік саладағы нысандарда орналасқан қазандықтардың жұмысын ерекше бақылауға алып, оларды ғимараттан шығару мәселесін жылдамдатып шешу керек. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт бекеттерін құру жұмыстарын жалғастыру қажет», - деді А. Мамин.

Мұнымен қоса, жауапты министрлікке елді мекендер мен нысандарда өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту және өрт қауіпсізідігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру тапсырылды.

«Осыған орай, министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2021 жылдан бастап келесі үш жылдық кезеңге арналған Материалдық-техникалық жарақтандыру туралы жаңа жол картасын әзірлеп, бекітуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес әкімдіктер газ-техникалық инспекция құрып, бүкіл газ жабдығын тексеріп тұруы керек. Алайда бұл жұмыс елордада, Алматыда, Ақмола облысы мен Қостанай облысында ғана атқарылды.

«Басқа барлық өңірлердің әкімдіктеріне бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құрып, тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар