Өрт қауіпсіздігі саласында қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру көзделеді

None
None
АСТАНА. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, 

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы Үкіметтің 2008 жылғы қыркүйектің 18-індегі қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленген. 

«Жалпы, осы салада тәуелсіз бағалау жүйесін құру жұртшылықтың, заңды тұлғалардың мүліктері мен жеке кәсіпкерлердің иеліктерінің өрттен қорғалу деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл ретте өрт қауіпсіздігінің жай-күйін бағалау саласына мемлекеттік бақылау органдарымен қатар тәуелсіз сараптама ұйымдарын қосу жолымен қорғау деңгейін арттырудың балама әдістерін енгізу көзделеді. Өрт қауіпсіздігі аясында бұндай тәуелсіз жүйе құру нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілетін тексерістер қысымы азаяды. Мемлекеттік бақылау жұмыстары шарасы барысында ашықтықты қамтамасыз ету, жемқорлықтың алдын алу  нормалары енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы бақылау органының  жеке кәсіпкерлік нысандарын тексеруіне шектеу қойып, негізгі күш өрт шығу қаупі өте зор болып табылатын нысандарды және әлеуметтік нысандарды бақылауға жұмылдырылады», деді Төтенше жағдайлар министрлігі Өрт қызметі комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров.

Оның айтуынша, заң жобасын қабылдаудағы мақсат - мемлекеттік өрт бақылауы органдары жүзеге асыратын тексерістер санын қысқарту, бақылау қызметінің нысандары мен әдістерін өзгерту есебінен, қорғау нысандарына әкімшілік жүктемені азайту болып табылады. Тәуелсіз жүйенің қатысушыларына бағалауға тапсырыс берушілер, оның ішінде жобалау ұйымдары, белгіленген тәртіппен аккредиттелген тәуелсіз сараптама ұйымдары, сондай-ақ мемлекеттік өрт бақылауы органдары жатады.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болып келісілді.

Соңғы жаңалықтар