+7 (701) 759 90 19
USD 432.64 EUR 505.02
RUB 5.47 CNY 64.7
Jańalyqtar

Орман өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды – Қайрат  Бегімбетов

2020 жылғы 27 қыркүйек 11:00
Бөлісіңіз:
Орман өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды – Қайрат  Бегімбетов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда қыркүйек айының ең соңғы жексенбісі еңбек күні деп белгіленген. Бұл мереке өз ісінің нағыз маманы болған еңбек майталмандарын ұлықтауға арналған. Сонымен қатар, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға көпжылдық еңбек дәстүрлерін нығайтуға бағытталған. Бүгінгі таңда елімізде еңбек династиясы баршылық. Солардың бірі, орманшылар әулеті– Бегімбетовтер. Іле Алтау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшысы Қайрат Бегімбетов ҚазАқпарат тілшісіне еңбекпен өрілген өмірінен сыр шертті.

Ұқсас жаңалықтар
Алматы ЖЭО-2 газға ауыстыруға қанша қаражат керек Экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін экософия тұжырымдамасы бекітіледі Экология министрлігі ең озық технологиясы бар кәсіпорындарды эмиссиялық төлемдерден босатуды ұсынды

Қайрат Бегімбетовтің айтуынша, орман оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған .

«Менің өмірімде орманның орны ерекше. Ол өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Ол маған ауадай қажет. Әкем орманшы болған. Менің балалық шағым осы орманмен тығыз байланысты. Бос уақытымның барлығын әкемнің жанында орманда өткізетінмін. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде жазғы, қысқы демалысты асыға күтетінмін, бар ойым тезірек орманға оралып, тауға шығу болатын. Кейін, әскер қатарына шақырылдым. Отан алдындағы борышымды өтеп елге қайтып келдім. 1973 жылы әкемді бір браконьер атып, содан ауыр жарақат алды. Ол кезде үлкен ағам ормандағы блокбекетте жауапты қызметші болды. Кіші інім студент. Сондықтан маған орманшы болып жұмыс істеуге тура келді»,– дейді Қайрат Бегімбетов.

Орманшылар әулеті үшін тоқсаныншы жылдардың басы қиын тиді.

«1994 жылы үлкен ағам жол-көлік апатынан қаза тапты. Тура бір айдан соң туған әпкем инсульттан көз жұмды. Екі баласын жер қойнауына тапсырған әкем, бұл қайғыны көтере алмады. Сол жылдың қыркүйегінде әкем де өмірден озды. Сөйтіп, мен әкеммен бауырымның кәсібін жалғастырып орманшы болдым. Осы салаға 32 жылымды арнадым»,– дейді орманшы.

«Әкем орман алқабында 57 жыл жұмыс істеді. Ол орман шаруашылығының ардагері, Еңбек сіңірген орманшы. Сонымен қатар, көптеген марапаттардың иегері. Айта кетейін,біздің отбасымыз туралы «Истоки», деген деректі фильм түсірілді. Кейін,осы деректі фильмнің желісімен көркем фильм шықты. Қазір Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде әкемнің атымен аталатын Абдрахман сайы бар. Бұл – әкеме деген құрмет»,– дейді ол.

Қайрат орманшыларға жүктелеген жауапкершіліктің зор екенін де атап өтті.

«Біздің міндет– ормандағы барлық дүниені сақтау. Қат-қабат шаруа бір-бірімен астасып, бір-біріне ілесіп келіп жатады. Қара барқыт топырақты қақ жарып шыққан титімдей көшет жер бетіне өзімен бірге қыруар жұмысты ала шығады. Оның күтіп, баптау, уақытында суару керек. Жыл сайын мыңдаған түп ағаш көшеті отырғызылады. Жыл он екі ай бойы тілсіз жау – өрттен күзету, иен байлыққа көзі қызыққан сұғанақ қолдан қорғау орманшының міндеті»,– дейді ол.

Орманшының айтуынша, Іле Алатау табиғи паркінде түрлі аң құстар мекен етеді.

«Біздің орман шарушылығында өте сирек кездесетін шәукілдек деген құс бар. Оның денесінің ұзындығы 27 см. Кішкентай құс. Қорегін түнде іздейді. Еркектері көктемде қатты сықырлауық дыбыс шығарады. Көбіне жерде жүретін құс. Бір қызығы, олар қанаттарын жайып ұшпайды. Бірақ, жылы жаққа ұшатын құстар қатарында. Еуропа мен Батыс Азияда кеңінен таралған»,– дейді орманшы.

Қайрат Бегімбетов, қазір ұлттық парктерге ерекше көңіл бөліне бастағанын атап өтті.

« Қуанарлық жәйт, қазір орман шаруашылықтарына ерекше көңіл бөліне бастады. Барлық қажетті техникамен қамтамасыз етілуде. Орман алқаптарын сақтап оны дамыту үшін түрлі жұмыстар қолға алынды. Ағаштардың саны артып, зиянкестілермен күрес күшейді»,– дейді кейіпкеріміз.

Сөз соңында, ол барша қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады.

«Мен барлық сала қызметкерлерін бүгінгі Еңбек мерекесімен құттықтаймын! Бар өмірлерін сүйікті ісіне арнаған қазақстандықтардың жұмыстарына жеміс, дендеріне саулық тілеймін»,– деді Қайрат Бегімбетов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алма Мұқанова

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT