Орман қорына келтірілген залалды өрт толықтай сөндірілген соң есептейміз – Абай облысының әкімі

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданындағы орман алқабының аумағын тікұшақпен ұшып өтті, онда жекелеген өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда.

Абай облысы әкімдігінің хабарлауынша, өңір басшысы жедел штабта көшпелі кеңес өткізіп, ТЖД басшысы Манарбек Шапағатов пен облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың есептерін тыңдады.

«Мамандар жергілікті жерлерде кезекшілік етеді. Өртті сөндіру жұмыстары барлық жерде жүргізіліп жатыр. Басты міндет - елді мекендерге жалынды таратпай тезірек сөндіру. Ол үшін жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Орман қорына келтірілген залалды өрт толықтай сөндірілген соң есептейміз, - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта өртті сөндіру 3 учаскеде жалғасуда. Өрттің таралуы толығымен тоқтатылды.

Желдің күшеюіне байланысты тұзды көл ауданындағы 3-учаскеде өрт төменнен жоғарыға ауысты. Өртті сөндіру үшін 20 техника жұмылдырылды. Өрт таралмас үшін шетінен жер жыртылған.

Осыған дейін Абай облысындағы өрттің бірнеше өңірге қауіп төндіргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар