Өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қою керек - Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалиция форумында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Мен былтыр осы тұжырым туралы арнайы мақала жарияладым. Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумында.

Президент еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиістігін баса айтты.

«Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу – әр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар