Өркениеттен қол үзген: Ұлытау облысындағы ауылда жол, дүкен, мектеп жоқ

None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлытау облысы Ақтас ауылының тұрғындары еріген қар суы жолдарды шайып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Жергілікті тұрғындар қаладан азық-түлік әкелу үшін ауыр көліктің бортына мініп, өзенмен өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азық-түлік алу үшін Ақтас тұрғындары ауылдан жүк көлігімен ғана шыға алады. Әр сапарға шығарда тәуекелге бел буатынын айтып отыр. Себебі ағын судың астында қай жерде шұңқыр бары белгісіз. Алайда, бұл сыртқы әлеммен жалғыз байланыс. Халық қыста омбы қармен, көктемде қызыл сумен арпалысып шаршағанын алға тартады.

«Мен күзде сатып алған барлық азық-түлігім қыстың ортасында таусылып қалды. Ол үшін қалаға баруымыз керек. Ауылда дүкен жоқ. Жазда да, қыста да бізде азық-түлік сатылмайды. Бәрін қаладан әкелеміз. Аяз бен боранда трактормен немесе жүк көлігімен жүруге мәжбүрміз. Ал көктемде еріген қар суы шайып кеткен дала жолдарында осылай болады. Даладағы қар түгілі, ауыл ішіндегі көше жолдары күрелмейді. Балалар қыста омбы қармен арпалысып, ал көктемде шалшық басып мектепке барады. Ол мектептің өзі көрші ауылда, бізден бір шақырым жерде орналасқан. Көктемде екі ауылдың арасында жыра пайда болады, су өзен болып ағып кетеді. Балалардың қауіпсіздігі үшін қорқамыз», - дейді Ақтас ауылының тұрғыны Айтжан Жантаев.

Ақтас ауылында дәрігер де жоқ, жалғыз дәрігер көрші ауылда тұрады. Мәселені шешу үшін өткен жылы бюджеттен қаражат бөлінді. Алайда жөндеу жұмыстары орта жолда тоқтап қалған. Мәселенің жалғыз шешімі – ауылдан 20 шақырым жерде тас жолға суағарлар орнату. Сол кезде қызыл су мұндай мөлшерде жиналмайды. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Аян Абжамаловтың айтуынша, ауылдар арасындағы шатқалда өткелдер салу қажет.

«Ақтас елді мекені мен Пионер ауылының арасында жолдың болмауына байланысты бюджеттен қаражат қарастырылып, 2022-2023 жылдары сайларға 9 жерден өткелдер салынады. Ол құрылыс 2023 жылдың қыркүйегінде аяқталып, қолданысқа беріледі», - деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Аян Есенғалиұлы.

Ақтас кентінің іргесі 1957 жылы қаланған. Кварцты барлайтын және өндіретін кәсіпорынның тоқтап тұрғанына біраз уақыт болды. 40 шақты үй тұрғыны әкімдік, кітапхана мен 9 сыныптық мектепте жұмыс істеп, күнелтуде. Қазір жергілікті басшылық бұрындары дүркіреп тұрған өндірісті қайта жандандыратын инвестор іздеп жатыр екен. Жолдарды жөндеп, шағын ауыл экономикасын көтеру міндеті – болашақ инвесторға жүктелетін болады.


Соңғы жаңалықтар