Ордостағы Шыңғыс хан кесенесінде дәстүрлі тасаттық беру шарасы өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия әуе күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, ұшқыш генерал-майор Мүдәріс Зайсановты еске алды- kaznews.mn

Ұланбатыр қаласында Қазақстан Елшілігі Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай және Жеңіс күні қарсаңында Моңғолияның атақты қазақ ұшқышы, Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсановтың құлпытасына гүл шоғын қою рәсімін өткізді, деп хабарлайды KAZNEWS ақпараттық порталы.

null«Гүл қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Қалыбек Қобландин, Моңғолия Ғылым Академиясының академигі, экс-депутат Бәкей Ағыпар, жазушы, Моңғолияның белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолияның Ғылыми техникалық университетінің профессоры Гүлнар Чакерханқызы, Ұланбатырдағы «Жерлестер» қазақ ұйымының төрағасы Тілеухан Нәжікейұлы және басқа да қоғам белсенділері қатысты.

nullМүдәріс Зайсанов - Моңғолия қарулы күштерінде қызмет атқарған қазақ азаматы, генерал-майор. 1910 жылы Зайсан өңірінде туылып, 1920 жылдары Моңғолияға қоныс аударған. 1932 жылы Орынбордағы ұшқыштар даярлайтын училищені тәмамдаған. 1944 жылы генерал-майор шенінде Моңғолия Әуе әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалған. Зайсанов 57 жасында Ұланбатырда дүние салды», - деп жазады аталған ақпараттық портал.

 

***

Ордостағы Шыңғыс хан кесенесінде дәстүрлі тасаттық беру шарасы өтті - «Жэньминь жибао» (People Daily)
 

Қытай Халық Республикасы, Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Ордос қаласына орналасқан Шыңғыс хан кесенесінде жыл сайынғы дәстүр бойынша көктем мезгілінде берілетін тасаттық шарасы өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

nullШыңғыс ханның тасаттық беру кесенесі - моңғол халқы Шыңғыс ханның рухына табынып, тілек тілеп, медет сұрайтын орын. Ескіден жеткен шежіре деректері бойынша, бұл кесене өз заманында «Шыңғыс  ханның сегіз ақ ордасы» деп аталған. 1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғанда Ордостың Ижинкүре деген жерінде  ақ орда тігіліп, Шыңғыс хан жан үзердегі ақтық тынысы тиген түйенің шудасы және ертоқымы сияқты заттары қойылған. XV ғасырда бұл жерге тағыда Шыңғыс ханның «қасиетті тұлпары», ертоқымы, садағы, сүт шелегі секілді құнды заттары мен Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртенің, кіші әйелі Құланның заттары жинақталып, сегіз ордаға  бөлініп сақталған.

null«Ордос қаласына орналасқан Шыңғыс хан кесенесінде жыл сайынғы дәстүрлі тасаттық шарасы 6 мамыр күні өтті. Бұл көне күнтізбе бойынша 21 наурыз күні болып есептеледі. Шыңғысханға арналған тасаттық беру шарасы жылына бір рет көктем айында дәстүрлі ұйымдастырылып келеді. Аталған тасаттық  рәсімі барысында халық Шыңғысхан рухына арнап құрбандық шалып, кесенеге барып ауа райының жайлы болуын, заманның тыныштығын, адамдардың бақытты өмір сүруін тілейді. Шыңғысхан кесенесі 2006 жылы Қытайдың мемлекеттік дәрежеде қорғалатын  материалдық емес мәдени мұра тізімдігіне енгізілген», - деп жазады People Daily.

nullҚазіргі Шыңғыс хан тасаттық кесенесінің жалпы ауданы 55 мың шаршы метрден асады, негізгі құрылысы моңғол үлгісіндегі 3 сарайдан және олармен тұтасқан дәліздерден құралады. Онда ерекше бір этнотоп - дархұттар, яғни Шыңғысхан тасаттық кесенесінің шырақшылары өмір сүріп келеді. Олар 780 жылдан бері қарай ешқашан үзіліс жасамастан Шыңғыс ханның әруақты ордасын қорғап келеді.

Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» ХАА өткен жылы осы Шыңғыс хан кесенесінің тарихынан сыр шерткен, сондағы сақталған ұлы ханның құнды жәдігерлері туралы баяндаған, «Шыңғыс хан кесенесінің Ордоста тұрғызылуының сыры неде» атты мақала жариялаған болатын.

 

***

Түрік компаниясы Қазақстанда күн энергиясы стансасын салады -  ТРТ

null

Түркиялық Чалык Холдинг Қазақстанда 50 мегаваттық Күн энергиясы стансасының құрылысын бастайды, - деп жазады Түркия Радио Теледидар порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов бастаған қазақ бизнесмендер делегациясы Түркияда түрік компанияларымен кездесу өткізген.

«Қазақ делегациясы мен Чалык Холдинг өкілдері арасында өткен кездесуде компания өкілдері Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін атап көрсетті. Аталмыш компания алғашқы сатыда Қазақстанда Күн энергия стансасының құрылысын бастайды. Делегация сонымен бірге Йылдырым Холдинг басшыларымен де бас қосты. Кездесуде Қазақстандағы кен және металлургия саласындағы жобалар талқыланды.  Йылдырым Холдинг пен «Қазгеология» АҚ қатты пайдалы қазбаларды іздестіру мақсатында жер қойнауын геологиялық барлау жөнінде бірлескен кәсіпорын құру туралы келісті. Сондай-ақ, Қазақстан делегациясы Eczacıbaşı Holding және  Bak-Ay текстиль компания басшыларымен де кездесу жүргізді»,- деп хабарлайды ТРТ порталы.

***

Қазақ халқы туралы қытайлар түсірген фильм халқаралық фестивальде бас жүлде еншіледі -  Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)
null 

Қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігін арқау еткен, Қытайдағы араб тілінде шығатын телеарна түсірген «Естен кетпес Ақсай»  атты деректі фильм халқаралық араб телерадио фестивалінде бас жүлде еншіледі, деп хабарлайды  қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша,  Қытай телерадио корпорациясының құрамына кіретін халықаралық телеарналар орталығы CGTN-нің араб тіліндегі арнасы түсірген «Естен кетпес Ақсай»  атты деректі фильм, Тунис Республикасының  астанасы Тунис қаласында өткен XIX  халықаралық араб телерадио фестивалінде «Ең үздік» деректі фильм» жүлдесін жеңіп алған. Бұл деректі фильмге Қытайдың  Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұратын қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық салт-дәстүрі арқау болған.

«Қытайдың халқаралық CGTN арнасы «Естен кетпес Ақсай»  атты деректі фильмді 2017 жылы Гансу өлкесінің Ақсай ауданында түсірген. Фильмде Ақсай қазақ автономиялы ауданында мекендеген қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі қолөнері,  асау үйрету, ат бәйгесі, ақындар айтысы секілді  өзгеше ұлттық мәдениет жауһарларын көрсетуге, дәріптеуге басымдық берілген. Мұндағы қазақтар Гансу өлкесіне XX ғасырдың 30-40-шы жылдары, түпкі атамекені Шыңжан жерінен ауып келген. Олар қазіргі күні де өздерінің төл ұлттық салт-дәстүрін сақтай отырып, қазақтар жиі қоныстанған мекендерден оқшау, бір шоғыр болып өмір сүріп жатыр. Ал «Естен кетпес Ақсай»  фильмінің бағын жандырған халқаралық араб телерадио фестиваліне әлемнің көптеген елдерінің телеарналары қатысқан. Оған бүкіл араб мемлекеттерінің телеарналарынан бөлек, BBC, франциялық France24, ресейлік RT  секілді халықаралық беделді БАҚ-тардың  араб тілінде шығатын телеарналары бақ сынап, бәсеке көргін қыздырған», - деп жазады kazakcnr.com сайты.

 

***

Астана қаласында «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті-  «Фарс» ақпарат агенттігі
null 

Қазақстанның елордасы Астана қаласында «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

ИИР Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын таныстыру рәсімінде кітаптың аудармашысы Бақытқожа Рүстемов осы күнге дейін әлем елдерінің танымал жетекшілерінің ойлары туралы 30-ға жуық кітаптың орыс, қазақ және өзбек тілдеріне аударылғанын айтып: «Имам Хомейнидің ойшылдық антропологиясы» атты кітаптың басқа кітаптардан айырмашылығын ИИР-ның негізін қалаушының ойларының Құран мен шариғатқа негізделгені» деп атады. ИИР-ның Қазақстандағы мәдени өкілі Масуд Шейх Зейнеддин тұсаукесер рәсімінде Иран мен Орта Азияның байырғы көршілер екенін, сондықтан өз мәдениеттерінде көптеген ортақтастықтарға ие екендігін айтып: «Мәдени ортақтастықтар халықтарды бір-біріне одан ары жақындастыра түседі», -деді.

 

***

Қазақстан салтанатты жауынгерлік парад өткізді - «Жэньминь жибао» (People Daily)
null 

Қазақстан әскері мен арнайы қызметінің әскери қызметшілері 7-ші мамыр күні қазақстанның оңтүстігіндегі «Отар» әскери базасында салтанатты жауынгерлік парад өткізді, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

nullҚазақстанда өткен жауынгерлік парад туралы хабарды, қытайлық «Синхуа»,  CNR, People Daily секілді негізгі ақпарат көздері жарыса жазды.

null«Қазақстан 7-ші мамыр күні, Қарулы Күштерінің құрылғанына  26 жыл толуына орай салтанатты жауынгерлік парад өткізді. Оған 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ден астам әскери техника және 40-қа жуық авиация техникасы қатысты. Жауынгерлік парадта Қазақстан әскері мен арнайы қызметінің әскери қызметшілерінің шеруі мен заманауи қару жарақ пен әскери техникалардың ұрыста шынайы қолданылуы көрсетілді.  Қазақстанның «Отар» әскери базасында өткен  осы салтанатты шарада сөз алған ел президенті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы  Нұрсұлтан Назарбаев,  бүгінгі айбынды армия үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Қарулы Күштер халқтың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны болатынын атап өтті», - деп хабарлайды «Жэньминь жибао» сайты.

null

Соңғы жаңалықтар