Ордабасылықтар Арыс пен Түркістанның дамуына үлес қосады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысуда. Аудан әкімі Әліпбек Өсербаев Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, 13-сектор штабында атқарылған құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әліпбек Өсербаев тұрғындармен кездесіп, Ордабасы ауданынан Арыс қаласына көмек мұнымен толастамайтынын жеткізді. Сонымен қатар, штабтағы жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бүгінде штабтың жұмысын қамтамасыз ету үшін Ордабасы ауданы әкімдігінен 40 қызметкер, сектордағы тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 5 арнайы техника жұмылдырылған.

Жалпы, 13-секторда 17 көше, 371 жеке тұрғын үй орналасқан. Төтенше жағдай салдарынан 198 үйге зақым келіп, барлығына Ордабасы ауданы әкімдігінің қызметкерлері ақау актілерін жасады. Қазіргі таңда 198 жеке тұрғын үйде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданының әкімі мен Түркістан қаласының әкімі Түркістан қаласын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында бекітілген 13-сектор тұрғындарымен кездесті. Ордабасы ауданына бекітілген 13-сектор аумағында 50 көше бар. Орташа жөндеуді қажет ететін жол ұзындығы - 73,7 шақырым. Аумаққа 13 730 ағаш отырғызу көзделген. 97 шақырымға жарықшам тарту, аяқжол салу жоспарланған.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов 4 жылда инфрақұрылым жүйесінің барлық мәселесі шешілетінін, қазіргі таңда құжаттар рәсімделіп жатқанын айтып өтті.

Әліпбек Өсербаев тұрғындарды бірлікке шақырып, атқарылған тірлікке ұйытқы болуға үндеді.

Соңғы жаңалықтар