«Ордабасы» сырт алаңда чехтармен тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір Чехияда UEFA Еуропа лигасының екінші іріктеу сатысы аясында Шымкенттің «Ордабасы» командасы мен жергілікті «Млада-Болеслав» клубы арасындағы кездесу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Млада-Болеслав» командасы 1902 жылы құрылған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін аталмыш клуб жоғары жетістігімен көзге түсе қойған жоқ. Алдымен Чехославакияның, кейіннен Чехияның төменгі лигаларында сынға түсті. Ал 2004 жылы клубтың жаңа өмірі басталды деуге негіз бар. Сол жылы «Млада-Болеслав» Чехияның жоғары лигасындағы үздіктер қатарына қосылды. Ал 2005/2006 жылғы кезеңде олар алғашқы жетістігіне қол созды. Чехияның жоғары лигасында екінші орын алды. Содан бері екі мәрте қола жүлдегер атанса, екі мәрте кубокты төбесіне көтерді.

Бүгінгі кездесу тартысты өтті деуге негіз бар. Есепті алғаш болып «Ордабасы» командасы ашты. Бірінші кезеңнің соңына таман алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша бірінші кезең 1:1 есебімен тең аяқталды.

Екінші кезеңде ойын басынан шабуылшы Жоао Паоло алаңдағы орнын Алексей Щеткинге босатып беруге мәжбүр болды. Ал 72-минутта Кирилл Ковальчук Мерзад Механовичті алмастырды.

Екінші кезеңде де қос команда бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуылдап жатты. Оның бірінде ойыншылар мүлт жіберіп жатса, ендігі бірінде екі команданың қақпашылары әбжілдік танытты. Алаң иелері алпысыншы минуттарда ерекше белсенділігімен көзге түсті. Дегенмен, шымкенттік футболшылар бұл сәттерде ешбір абыржи қойған жоқ. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Қарымта кездесу 1 тамызда Шымкент қаласында өткізіледі. Қос ойынның нәтижесімен жарыстың келесі сатысына жолдама алған команда анықталады.

Естеріңізге сала кетелік, «Ордабасы» аталмыш турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» командасын орта жолда қалдырған болатын.

Үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Ордабасы» Арменияның «Алашкерт» және Румынияның «Стяуа» жұбының қай жеңгенімен кездеседі.

Айта кетейік, осы уақытта UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында Алматының «Қайраты» Израильде жергілікті «Хапоэль» (Безр-Шева) командасымен кездесуінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Әзірге алаң иелері 2:0 есебімен басым түсуде.

Соңғы жаңалықтар