«Ордабасы» өз алаңында «Астананы» ойсырата жеңді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің «Ордабасы» командасы үшін ел чемпионаты  сәтті басталды. Бүгін «Астана» командасымен болған жауапты кездесуде күнгейлік аяқдопшылар 3:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шым шаһарда өткен ойынға 7 мыңға тарта көрермен жиналды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов та арнайы қатысып отырды.  Ойынды алаң иелері аса сақтықпен бастады. Кездесудің 15-ші минутында «Астана» командасының  қорғаушылары айып алаңына жақын жерде  қолмен ойнап, ойын ережесін өрескел бұзды. Осы жерден белгіленген айып добын керемет орындаған Мардан Төлебек қақпаға алғашқы голды салды. Жойқын соққыға қақпашы Н.Эрич ешбір амал таба алмады.

Ойынның екінші кезеңі Елордалық аяқдопшылардың жаппай шабуылымен басталды. Алайда «Астананың» сапында өнер көрсеткен Талғат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиев сынды жігіттер оларға қарсы амал ойлап тапты. Осындай алма-кезек шабуыл кезінде қақпашымен бетпе-бет шыққан Азат Нұрғалиев өз шеберлігінің арқасында есепті 2-0-ге жеткізді. Осы есепті сақтап қалу үшін күш салған ресейлік маман  А.Петрушиннің  шәкірттері тағы бір гол салуға қол жеткізді. Матчтың аяқталуына  үш минуттай уақыт қалғанда «Астана» командасының айып алаңына жақын тұста тағы да ойын ережесі бұзылды. Айып соққысын жасаған Азат Нұрғалиевтың добына бірінші жеткен Абдулай Диакате үшінші голдың авторы атанды.

 Кездесу соңынан болған баспасөз мәслихатында «Ордабасының» бас бапкері Алексей Петрушин шетелден келген ойыншылардың белсенділігі басым екенін атап өтті. Әсіресе 33 сағат бойы самолетпен Аргентинадан ұшып келген Фонтанелло  мен Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қатыспай-ақ өз мықтылығын дәлелдеген Абдулай Диакатенің өнеріне тәнті болғанын айтты.

Алты жыл бойы азулы қарсылас «Астанаға» қарсы амалын таба алмай жүрген «Ордабасылықтар»  осылайша чемпионатты сәтті бастады. Команданың ендігі  қарсыласы «Атырау» командасы болмақшы. Екі команданың кездесуі 12 наурыз күні Шымкенттегі «Қажымұқан» орталық стадионында өтеді деп күтілуде. 

Соңғы жаңалықтар