Ордабасы ауданының құрылғанына - 55 жыл

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының құрылғанына биыл 55 жыл толып отыр. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан жергілікті халық мерейтойды жоғары деңгейде атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шаралар таңғы 8:00-де бастау алды. Алдымен аудан орталығы Темірлан ауылындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда эстафеталық марафоны өтті. Онда спорт шебері Абзал Арыстанбек мерекелік жалауды көтеріп жүрді. Марафоншылар стадионнан шыққан бойда орталық алаңға дейін жүгіріп келді. Мұнда көпшілік аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған тарихи сахналық көріністі тамашалады. Аудан әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұлов ордабасылықтар мен қонақтарды 55 жылдық мерекемен құттықтады. Мерекелік шаралар автошерумен жалғасын тапты. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Қарауыл төбе маңында эстафетаны атты марафоншылар жалғастырды. Қарауыл төбенің биігіне көтерілген олар 55 жас домбырашының сүйемелдеуімен жалауды салтанатты түрде көтерді.

Салтанатты жиын жастар сарайында «Тарихқа тұнған Ордабасы» атты ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Онда ғалымдар Ордабасы ауданының құрылу жолындағы тың деректермен бөлісті. Сондай-ақ мерейтойдың маңыздылығына тоқталып, ауданды туризмнің ошағына айналдыру жайы қозғалды.

«Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында үлкен іс-шара ұйымдастырылып, өткізіліп отырған жағдайы бар. «50 жылда ел жаңа» дегендей біздің осы Ордабасы ауданына 55 жыл толып отыр. Біздің аудан әкімі жаңадан тағайындалған. Енді елдің көркеюіне бар күш-жігерін салады деп сенеміз», - дейді Ордабасы Ұлттық тарихи – мәдени қорық музейінің директоры Бахадыр Есматов.

Айта кетейік, Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір­тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш­кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. «Күлтөбенің басында күнде жиын»-деген сөз сол заманнан қалған.

Соңғы жаңалықтар