Ордабасы ауданындағы елді мекендерде көшпелі мәжілістер өтуде

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаев бастаған жұмысшы топ әр ауылда көшпелі мәжіліс өткізуде. Аудан басшысы төрағалық ететін жиында ауылдардағы мәселелер жан-жақты сарапталып, оларды шешу барысы талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан активінің көшпелі мәжілісі Шұбар ауылында өтті. Жиында аудан әкімі Әліпбек Өсербаев атқарылған жұмысқа емес, өзекті мәселелерге тереңірек тоқталды. Ал, Шұбар ауылдық округінің әкімі Сейітқұл Қыдырбай кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, білім саласындағы өзгерістерді баяндады.

«Біткен тірлік көпшіліктің көз алдында. Біз түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жолдарын қарастыру үшін бас қосып отырмыз», - деген аудан басшысы ветеринария саласының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Оған себеп - ауылдағы мал ауруларының өсуі. Сондай-ақ, таза ауыз сумен қамтуда кезіккен қиындықтар талқыланып, ұсыныстар тыңдалды. Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану жайы да назардан тыс қалмады.

Аудан әкімі Тоқсансай ауылындағы ескі ФАП пен Ә.Молдағұлова атындағы мектептің ескі ғимараттарын тиімді пайдалану керектігін атап өтті. Ауыл округі әкімшілігінің жұмысын зерделей келе, кемшіліктерге жол берген мамандарға тиісті шара көруді тапсырды.

Ал, Бадам ауылдық округіндегі 6 ауылдың бесеуі таза ауыз сумен қамтылған. Қарабастау ауылына таза ауыз су жүйесін тарту үшін бүгінде жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. «Орда» мөлтекауданына инфрақұрылым жүргізуге де ЖСҚ әзірленіп отыр.

Аудан басшысы ауыл округіндегі ветеринария, жер, салық инспекторларының жұмыстарын сынға алды. Сонымен қатар, өзекті мәселелерді шешу бойынша орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Соңғы жаңалықтар