Ордабасы ауданына Түркиядан әкелінген көшеттер жеміс бере бастады

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Ордабасы ауданының алмалары жаппай Нұр-Сұлтанда саудалануда. Жемістің бес түрін өсіретін жергілікті бағбандар өз өнімдерін елордадан бөлек Алматы, Түркістан және тағы басқа қалаларға жөнелтіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, «Александровский сад» ЖШС әр гектардан 20 тоннадан астам алма жинауда. Сондай-ақ, мұнда гала, грини смит, жереми, голден, пуджи, скарлет деп аталатын алты түрлі алма көшеттері жайқалып өсіп тұр. Серіктестік директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Бақтияр Тағаевтың айтуынша, жемістердің көшеттері үш жыл бұрын отырғызылған. Жақсы күтім мен қараудың арқасында көшеттер өсіп, өз жемісін беруде.

Жергілікті бағбан Жүніс Айғазының сөзінше, қазіргі таңда гала алмасының өнімі терілуде. Қарқыны жақсы, жұмыстың басында 57 адам еңбек етуде.

«Алмалар 2016 жылы егіліп, 2018 жылдан бері өнім беруде. Биылғы көктемде қосымша 20 гектар жерге отырғызылған алма көшеттеріде жеміс беріп жатыр. Сондай-ақ, мұнда шабдалы көшетінің екі түрлі сұрпы егілген. Бұл көшеттердің басым бөлігі Түркия елінен арнайы алып келінген. Гектарынан 20 тоннадай алма жиналуда. Алдағы уақытта алмадан басқа да жеміс ағаштарын отырғызып, 100 гектарға жеткізсек деп жоспарлаудамыз. Өнімге Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, тағы басқа қалалардан сұраныс көптеп түсуде», - дейді бағбан Жүніс Айғазы.

Айта кетейік, бүгінде халқы тығыз орналасқан ауданда ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлінуде. Саланы дамытуға аталған серіктестік ұжымы да үлкен үлесін қосып отыр.

Соңғы жаңалықтар