Орбұлақтағы орасан зор ерлікке - 375 жыл

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат -  «Орбұлақ» атауының ел санасына орныға бастағанына отыз жылдың о жақ, бер жағы ғана. Қарт тарихтың өлшеміне қарағанда  өте-мөте аз мезет. Әйтсе де, тарихты қанша көлегейлегенімен, Тәуелсіздіктің арқасында ақиқат айтылып, халқымыздың осынау орасан ерлігі аршылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жеңістер де азаттықтың ақ туы астында желбіреді» деген еді.

Айта кетерлігі, қазіргі күні осынау атақты шайқас болған Алматы облысы Панфилов ауданының аумағындағы «Бел» жайлауының төрінде алып ескерткіш орнатылған. Онда: «Бұл жерде 1643 жылы Салқам Жәңгір  бастаған қазақтың 600 жауынгері ор қазу тәсілімен қалмақтың 50 мың қолын тоқтатып, оның 10 мыңын жойып жіберген. Осы кезде бұларға Самарқаннан Алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке жетіп үлгереді. Ұлы жеңіске Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Төртқара Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, қырғыз Көтен мен Табай, Дулат Жақсығұл, Арғын Қомпай, Суан Елтінді батыр, тағы басқа хас батырлар үлес қосты.

Батыр бабалардың аруағына бас иеміз!

Қазақтың ескерткіштер қорғау қоғамы», - делінген.

Биік таудың басында орнатылған осынау гранит тастағы бұл жазудың өзі-ақ  сол оқиғаны және осы шайқас өткен өлкенің тарихи қадір-қасиетін өте жақсы әйгілеп тұрғанына еш шүбә жоқ. Әйтсе де, кең байтақ жеріміздің әр тарабынан жиналса да ауызбірлік танытып, өздерінен әлденеше есе көп жауға қарсы  көзсіз ерлік көрсеткен батыр бабаларымыз хақында  қанша айтсақ  та көптік етпесі де анық.

Негізі,  осынау тағылымды тарихи соғыс туралы нақты дерек тұңғыш рет әйгілі зерттеушілер  Г. Ильин мен К.Кучеевтің  еңбектерінен анықталған. Бұл жазбада: «Біз барғанда қоңтайшы ұлысында болмай шықты. Өзінің күйеу баласы Кучюртайды, Абылайды (Ертіс бойындағы Абылайкентті салдырған қалмақ қоңтайшысы - Қ.И), кенже інісі Чокур-тайшыны, Кою- сұлтанды, Алтынханның балаларын  және басқа ұсақ  тайшыларды ертіп, барлығы 50 мың қолмен Жәңгір ханның қазақ  ордасы, Жалаңтөс және Алатау  қырғыздарымен соғысуға кеткен екен... ал Жәңгір оларға қарсы 600 адаммен шығыпты. Бір тауда ор қазып  (орысша тексінде «шансы» деп жазылған - Қ.И.), оған 300 адам орналастырып, қолының қалған жартысын тауға жасырып Қоңтайшы шерігін күтіпті. Сол жерде алапат соғыс болып, Жәңгір хан әскері қоңтайшының 10 мың адамын жер жастандырып, үлкен жеңіске ие болады. Әскерінің қалғанын (олар әлі 40 мыңдай) шегіндіріп әкетіп, кегін жібермеу үшін екінші рет тиіскенде, Жәңгір бастаған қазақ ордасының күшіне Самарқант бегі Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, Батыр қоңтайшы арманына жете елмай, тағы да жеңіліс табады» - деп анық жазылған. Ал бұл жазбаны  Ресейдің Тобыл қаласындағы  архивінен тапқан  майдангер жазушы Қалмұқан Исабай екен. Сондай-ақ, бұл жөнінде тарихшылар  И. Златкин мен Вельяминов-Зернов, ғалым М.Тынышбаев, С. Сейфуллин мен А. Чулошников те  өз жазбаларында атап көрсеткен.         

Дегенмен, осынау ұлы оқиғаның  қазақ  жерінде, оның өзінде де оңтүстік-шығыстағы жазиралы Жаркент өңірінде болғанын қалтқысыз анықтап, қалың көпшілікке дәлелдеп беру оңайға түспегені  көкірек көзі ояу кез келген жанға түсінікті болса керек. Әйтсе де, соған қарамастан бұл қаһармандық қарекет хақында халқымыздың қайраткер әрі қаламгер ұлы,  қажырлы да табанды жазушы жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Бексұлтан Нұржекеұлы сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары-ақ  өзінің «Жайлаудағы жиырма күн» атты повесінде тұңғыш рет көркем шығарманың көрінісі ретінде оқырман қауымға паш еткен болатын. Кейіннен оның ақиқаттылығын алыс-жақын шетелдердегі  архивтерді көз майын тауыса ақтарып,  жоғарыда  аталған тарихшылардың зерттеулеріне сүйене отырып, нақты ғылыми деректермен дәлелдеп шыққан.

1984 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан шыққан «Өзендер өрнектеген өлке» атты деректі кітабында: «... Осы 1643 жылғы қазақ-қалмақ  соғысы өткен  жайлау  қазіргі  Талдықорған  облысының Панфилов ауданына қарайды. Жергілікті жұрт  ол араны әлі күнге дейін  «Ордың бұлағы» деп атайды, жаз айларында «Гвардия», «Октябрь» совхоздарының  малшылары  жайлайды.  Ең жақын  елді мекен - Ленин атындағы  совхоздың орталығы - Жуанағаш селосы, «Ордың бұлағымен» екі арасы  шамамен 40-50 шақырым. «Жалаулы»,  «Қызылқия» деген жоталардан өткен соң, жол «Ордың бұлағы»  жотасын  желкесіне таман  жерден кесіп өтеді. Ордың өзі  қазіргі кезде  сүрлеу жол құсап қана  жіңішке белдеу  болып жатыр.  Басы Итшоқы  тауының  түйетайлы етегінен басталып,  сол жақ  қарсыдағы  Қоянды  тауына қарай құлай қазылған.  Ор өтетін  жотаның үсті  арық аттың  қыр жотасындай қылдырықтай. Қарсы беттен яғни, шығыстан келген  жау атпен шауып келе жатқан  бойда екпінімен  тіке қыр  үстіне көтеріле алмайды,  керлеп қана шыға алады,  өйткені  жотаның  етегі құлама сай. Ал енді «Ордың бұлағы» аталған  жотаның  шығыс  жақ алды  жазықтау, келе жатқан  жау тығыла қоятын қалтарыс жоқ.  Батыс жақ  етегі  немесе  орда жатқан  жауынгерлердің  ту сырты  да  тік құлама, одан ары  жазық кең сай,  үш жүз ат түгіл, жарты мың атты қаңтарып  қойсаң да сыйып кетеді және төбеден келіп қарамаса, қарсы жақтан  келе жатқандарға  көрінбейді.   Сірә,  қазақ  жауынгерлері  аттарын  сол араға қаңтарған болуы керек.  Қазылған ор  жота үстімен  құлдилай-құлдилай келіп сол  жақ қанатта  Итшоқыға  параллель  жатқан Қоянды  тауының  тап түбінде  арқырап ағып жатқан  Терісаққанның  суына тұмсық тіреп барып тоқтайды.  Орды  бұл жақтан айналып өтуге болмайды: біріншіден, ор қазылған  жағы  су жағасына  жете бере  әрі жартасты, әрі тік құлама болып кетеді;  екіншіден,  сол  жақ  қанаттағы  таудың  тік беткейінің  биіктігі  100-200 метр шамасында. Ол тіктен атты кісі тұрмақ,  жаяу адам да  жүре алмайды. Қысқасы, қазақ әскерлері  орды өте қолайлы жерден қазған...»  (86-87 беттер) деп жазған еді ол.

Бексұлтан Нұржекеұлы және сол секілді бірқатар ізденімпаз қаламгерлердің арқасында республика үкіметінің арнайы қаулысымен дәл  сол сол шайқас өткен  орында 1993 жылы Орбұлақтағы Ұлы Жеңістің 350 жылдық мерейтойы  болды. Белжайлаудың төрінде бес жүзден астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, бүкіл Алты  Алаштың  азаматтары қатысқан ұлан-асыр мереке өтті. Аталмыш тойдың құндылығы сонда: біріншіден, мұнда бүгінгі ұрпақтары өздерінің келешегі үшін қасықтай қаны қалғанша шайқасып, жанын құрбан еткен  хас батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Екіншіден, енді ғана егемендік алған ұлтымызға  бұл шара зор рух, тың серпін берді.  Сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Сергей Терещенконың өзі арнайы келіп, жайлауда өткен салтанатты жиналыста қазақша  сөз сөйледі. Бұл мерейтойдың қаншалықты жоғары дәрежеде маңызы бар екенін көрсетсе керек. Ал сол кезде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген Әбіш Кекілбайдың асқан шешендікпен толқи сөйлеп, ақтарыла айтқан ой-пікірі күллі көпшілікті тіптен тебірентті. Осы арада айрықша атап көрсеткен жөн: бұқара арасында туындап, қалың жұртшылықтың көкейінде қалыптасқан қоғамдық пікірді мемлекеттік деңгейге жеткізіп, мерейтойлық шаралардың өз дәрежесінде өтуіне Премьер-Министрдің сол кездегі орынбасары Қуаныш Сұлтанов  зор еңбек сіңірді. Мерейтой кезінде еліміздің ең бір таңдаулы ұл-қыздарының табаны тиді бұл топыраққа. Олардың арасында көрнекті композитор, сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, аты аңызға айналған ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, жанкешті майдангер жазушы Қалмұқан Исабай, тағы басқа да танымал тұлғалар болды.

Айрықша атап өтер тағы бір мәселе, ата-бабамыз асқан ерлік көрсеткен бұл жерде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері сардарлары мен сарбаздары ерекше белсенділік танытты. Сол кездегі Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтың тікелей өзі басқарған әскерилер мерейтойдың салтанатын жауынгерлік атрибуттармен тіптен арттыра түсті. Ықылым заманнан бері мүлгіген тау арасын бейбіт өмірде атылған қызылды-жасылды салюттер дүр сілкіндірді. Бұрынғы батырларша киінген азаматтармен қатар қазіргі заманғы сарбаздар бір сапта тұрып, ұрпақ сабақтастығын барынша әсем бейнеледі.

Тағы да бір айта кетерлік оқиға, ата-бабамыз асқан ерлік көрсеткен осынау қасиетті орында  2009 жылы  айрықша кездесу өтті. Ертеректе ел шетіне жау тигенде сонау Самарқаннан 20 мың қолмен асыға көмекке жеткен Алшын Жалаңтөс баһадүрдің бүгінгі ұрпақтары сол батыр бабаларының ізімен Ұлы Жеңіске жеткен жеріне арнайы келді. Олардың арасында «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, бұрын Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Ыдырыс Қалиев, облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Уайыс, Қармақшы, Сырдария аудандарының әкімдері және тағы басқалар  болды.

Жалпы, «Орбұлақ жеңісі» барша бұқараны, оның ішінде әсіресе, жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеуге, оларға патриоттық тәрбие беруге оңды әсер етіп келеді. Осы тақырыпта ауданның мекемелері мен  мектептерінде   түрлі кештер, байқаулар, тәрбие сағаттары тұрақты өткізіліп тұрады.

Осылайша ел арасында орасан зор тағылымдық, тәрбиелік мән-маңызға ие болып келе жатқан «Орбұлақ» шайқасындағы Ұлы Жеңіске арналған мерекелік шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында атқарылатын істер шеңберінде өтуде.

Биыл «Орбұлақтағы» Ұлы Жеңіске 375 жыл болса, осынау қасиетті атауды иеленіп, оның  нағыз жалынды насихатшысы болып келе жатқан аймақтық қоғамдық-танымдық, әдеби «Орбұлақ»   газетінің  шыға бастағанына   5 жыл толды. Осынау қос мерейтой құрметіне мамыражай мамыр айының басында ұйымдастырылған «Орбұлақ жүрегімде» атты  облыстық байқауға   14 аудан,  2 қаладан 77 оқушы және олардың 68 мұғалімі қатысып, «Шығарма» «Мүшайра», «Бейнелеу» және «Сахналық қойылым» номинацияларын сарапқа салды.

 Бұл байқаудың  бір маңызды ерекшелігі, орын алған оқушыларға тапсырылған жүлделердің барлығына  арнайы ат қойылды. Алдымен әрине, тау басындағы ескерткіш тақтаға аты-жөні  жазылған батырлардың есімдері қамтылды.

Енді мінеки, желтоқсан айының басында осынау орасан зор Орбұлақтағы Ұлы Жеңістің 375 жылдығына орай қорытынды шаралар шырайлы Жаркент шаһарында айрықша рәуіште  атап  өтілмек. Қаланың қақ ортасына қоныс тепкен Бөлек батыр атындағы саябақтың ең төріндегі  «Орбұлақ» қаһармандарына арналған еңселі де сәулетті  мемориалдық кешеннің лентасын қию рәсімі де  дәл сол салтанатты сәтте болады деп жоспарланған.

Қазақ тарихында ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен небір аласапыран кезеңдер өткен. «Орбұлақ шайқасы»  - сол сойқандардың  ішіндегі  ең ірі соғыс. Бұл шайқастағы Ұлы Жеңіске 375 жыл толуы - тек біздің ғана емес, барша  қазақтың мақтанышы,  бүкіл еліміздің тойы. Осынау ұрыстағы Жеңістің өшпес өнегесі - батыр бабаларымыздың қас дұшпанға қарсы тізе қоса, бірлесе  шайқасуы.

 Ең ерекшелігі, туған жердің табиғи  жағдайын тапқырлықпен пайдалана білуі.  Басты тағылымы - ауызбірліктің, ұйымшылдықтың құндылығы. Айрықша  ұтымдылығы -  ұлтымызға  осыны ұқтыруы. 

Бірлік қашан да Жеңіске жеткізеді,  берекеге бастайды. Жан алып, жан беріскен бұл ұрыстағы бабалар ерлігі - елімізге  мақтан, ұрпақтарға - ұран. Ерен ерлердің   есімдерін  есте сақтап, қастерлеп өскен ұрпақ олардың өр рухынан күш алып, қашан да елін,  жерін қорғауға даяр патриот болып  қалыптасады. Сөз соңында Жаркент өңіріндегі зиялы қауымның да тілегін жеткізе кетуді жөн санадық. Жұрт алдағы уақытта ауданның атауы ауысып, «Орбұлақ» ауданына өзгергенін қалайды. Бұл біраздан бері көтеріліп, пісіп-жетілген жаркенттік ел-жұрттың тілегі. 

Соңғы жаңалықтар